Коллаж: ulysmedia.kz
Қазақстан полициясы ұстап алып азаптаған қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан Қазақстандағы қаңтар оқиғасын тексеруді сұрайды, деп хабарлады Ulysmedia.kz порталы 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Рузахунов ЕҚЫҰ-ны жыл басында Қазақстандағы наразылық кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасаған азаптауларға назар аударуға шақырды.
Ол өзін Қазақстан «террорист» ретінде көрсеткісі келген бірінші шетелдік екенін атап өтті.
«Егер Қазақстанның құқық қорғау саласы азаптағандарды тауып, жазаласа, бұл фактор азаптаудың ол аймақта таралуына тосқауыл болады. Мені анықтап, шу шығарған сәтсіз сюжеттен кейін Қазақстанға шабуыл жасаған 20 мың лаңкес туралы мифтің көзі жойылды. Бүкіл әлем көрді. Қырғызстанның біріккен азаматтық қоғамының арқасында босатылдым. Сюжетке бейтаныс адам таңдалса не болар еді. Елестетудің өзі қорқынышты. Мен олардың террорист ретінде көрсеткісі келген бірінші шетелдік болдым. Сегіз айдан кейін менің азаптау ісім бойынша ешкім қамауға алынбады немесе жауапқа тартылмады», - деді ол.
Еске салайық, 9 қаңтарда Qazaqstan және Khabar 24 мемлекеттік телеарналары әлеуметтік желілерде Қырғызстаннан наразылық шеруіне қатысу үшін ұшып келген және ол үшін 90 мың теңге алған тұтқынның видеосын жариялаған болатын. Туыстары мен әріптестері ұсталған адамды қырғыз пианисті, Бішкектегі джаз оркестрінің жетекшісі Викрам Рузахунов екенін таныды. Олар Рузахуновтың Қазақстанға концерттерге келгенін айтқан.