12 ақп, 2021 сағат 16:16

Вакцинация кезінде босаңсымай, барлық шектеу шараларын сақтау қажет - эпидемиолог

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес.

«Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдай шиеленіскен. 31 қаңтардан бастап Алматы қаласы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасының жасыл аймағында орналасқан, бірақ бүгінгі күні Алматы қаласында коронавирус індетінің даму қарқыны бойынша репродуктивті саны R – 0,949, яғни 1-ге өте жақын, одан асып кеткен кезде біз сары аймаққа көшеміз. Осыған байланысты Алматы қаласында матрицаның сары аймағына сәйкес келетін бас мемлекеттік санитария дәрігерінің 31 қаңтардағы қаулысымен белгіленген шектеу шаралары қолданылуда», - дейді Әсел Қалықова.

Сонымен қатар, ол коронавирусты қоғамдық орында жұқтыру артқанын тілге тиек етті.

«Қалада қоғамдық орында вирусты жұқтыру 5 пайызға артқан. Негізінен ауа райының жылуына байланысты адамдардың көпшілік жерге жиі шығуынан болып отыр. Сондай-ақ отбасында вирус жұқтыру 2%-ға артқан, яғни той, құдалық сияқты отбасылық жиындар әсер еткен. Бір аптада осындай жиында вирус жұқтырған 16 жағдай тіркелді. Бұл халықтың босаңсып, қауіпсіздік шарасын ескермегенін көрсетеді», - деді ол.

Сондай-ақ ол қоғамдық көлікте вирус жұқтыру деңгейі бұрынғыдай 20-22 пайыз көлемінде қалып отырғанын айтты. 

«Коронавируспен негізінен 20-40 жас аралығындағы азаматтар сырқаттанып жатыр. Одан кейінгі орында - 40-50 жас аралығындағы азаматтар. 14 жасқа дейінгі балалар – 11% құрайды. 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер - 4% құрап отыр», - дейді спикер.

Сөз соңында маман вакцинация кезінде барлық шектеу шараларын сақтауды жалғастыру керек екенін айтты.

«Қазір жаппай вакцинация жүріп жатыр. Сондықтан ұжымдық иммунитетті дамыту нәтижесін алғанға дейін барлық шектеу шараларын сақтауды жалғастыру қажет», - дейді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.