29 нау, 2021 сағат 16:42

Вакцина коронавирустың жаңа штамдарының алдын алуда қаншалықты тиімді?

Профилактикалық медицина академиясының сарапшысы Бауыржан Жүсіпов коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Вакцинаның тиімділігі жайында сөз қозғағанда ең алдымен оның жұқтыру жағдайларының алдын алудағы тиімділігіне назар аударамыз. Зерттеу жүргізілген кезде тек жұқтыру жағдайлары ғана емес, сонымен бірге ауыр түрлерінің алдын алу, өлім-жітімді болдырмау деректері қаперге алынады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда қолданысқа енгізілген вакциналар, оның ішінде «Astra Zeneca» вакцинасы жұқтырудың жаңа жағдайларының алдын алуда тиімділігі төмен болғанымен адам ағзасын қорғауда жақсы нәтиже көрсетіп отыр. 

«Біз қайта жұқтырып алмау үшін ғана вакцинация жасау керек деп отырғанымыз жоқ. Вакцина салдырсақ, вирус жұқтырып алған күннің өзінде аурудың ауыр түрі мен өлім-жітімнің алдын ала аламыз», - деді Бауыржан Жүсіпов.