1 ақпаннан бастап елімізде коронавирусқа қарсы вакцина егіле бастайды. Вакцина алдымен қандай санаттағы адамдарға егіледі? Вакцина еккен кезде дәрігер нені ескеруі керек? Қандай жағдайда адамға вакцина егуге тыйым салынады? Вакцина не себепті ең алдымен медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге салынады? Осы және басқа да өзекті сұрақтарға Қарағанды медициналық университетінің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, клиникалық хаттаманы әзірлеу тобының жетекшісі, медицина ғылымының докторы, профессор Бақыт Көшерова жауап берді.
«Коронавирус індеті кезінде көптеген шектеу шарасы қолға алынды. Медицина қызметкерлері қалай жұмыс істегенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Індетпен күресу барысында Covid-19-дың алдын алудың бірден бір жолы – вакцина егу екені туралы қорытындыға келдік. Вакцина жұқпалы аурулардың профилактикасы үшін тиімді әрі қауіпсіз әдісі болып саналады. Ол - жұқпалы ауруларға иммунитет қалыптастыруға ықпал ететін медициналық препарат. Ең алғашқы вакцина шешек ауруына қарсы ойлап табылған. Қазақстанда 21 жұқпалы ауруға қарсы вакцина егіледі. Вакцина салудың пайдасын көріп келеміз және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да вакцина егу жұқпалы аурулардың алдын алатын ең қауіпсіз жол екенін алға тартады», - дейді профессор Бақыт Көшерова.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының биылғы 19 қаңтардағы ақпараты бойынша, коронавирусқа қарсы 237 кандидат вакцина бар.
«Оның ішінде 64 вакцина клиникалық сынақтан, ал 173 вакцина клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр. Қазіргі уақытта 8 вакцина қолданысқа енгізілген және біз оның нәтижесін көріп отырмыз. Әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцинаны егіп жатыр. Ол мемлекеттердің ішінде АҚШ, Қытай, Израиль, Еуроодаққа мүше мемлекеттер, ТМД құрамныдағы елдерден Ресей мен Беларусь бар. 20 қаңтардағы мәлімет бойынша, Израиль халқының 26,7%-ға жуығына коронавирусқа қарсы вакцина егілген. Одан кейінгі орында Ұлыбритания мен Бахрейн тұр. Бүгінгі таңда вакцина салдыру бұқаралық сипатқа ие болғанын көріп отырмыз. Екпесіз коронавирусты жеңу қиындай түсетінін халық түсініп отыр», - дейді ол.
Қазақстанда әлі қолданысқа енгізілмеген QazCOVID-in вакцинасы бар. Ол клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. .
«Вакцинаны дұрыс егу жолдарына да баса назар аударуымыз керек. Қазақстанда вакцинаны жеткізетін, сақтайтын, тарататын және егетін, яғни осы процеске қатысатын барлық маманға арналған оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екпе салдыртуға халықты да дайындау керек. Бұл да – үлкен, маңызды жұмыс», - дейді Қарағанды медициналық университетінің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры.
Қазақстан Республикасында вакцина егуді реттеуге қатысты нормативті құжат бар.
«Вакцина егуге болмайтын адамдар бар. Екпе салатын мамандар соны ескеріп, ондай адамдарды тізімнен алып тастауы керек. Сондай-ақ, коронавируспен қатты ауырған және ПТР тест оң нәтиже көрсеткен адамдарға да вакцина салынбауы керек. Коронавируспен ауырған науқаспен байланыста болған адамдарға вакцина карантин біткеннен кейін егіледі. Коронавируспен ауырып, жазылып шыққан адамдарға сауыққанна алты ай өткеннен кейін барып вакцина қабылдауға кеңес береміз. Егер вакцина салдыратын адам вакцинаның қандайда бір құрамдас бөлігін аса сезімталдықпен қабылдайтын болса, аллергиясы бар немесе қант диабеті сияқты ауруы болса – денсаулығын қалпына келтірмей тұрып вакцина қабылдамағаны дұрыс. Аяғы ауыр, сәбиін емізетін әйелдер мен 18 жасқа толмаған балаларға вакцина егілмейді. Екпеден кейін аллергия байқалса немесе дене қызуы 40 градустан жоғары болса – вакцинаның екінші дозасы салынбайды. Бүйрек, бауырында созылмалы аурулары бар, жүрек қан-тамырларына қатысты дерті бар, эпилепсиясы бар, жүйке жүйесі ауыратын адамдарға вакцина егілу керек-керек еместігін дәрігер шешеді. Мұндай дерті бар адамдар вакцина салдырғысы келсе – дәрігермен ақылдасып барып шешім қабылдайды. Егер вакцина егілетін адамда өткір респираторлық ауру белгілері болса, оны ПТР тест тапсыруға жіберіп, тексеріп алады», - дейді ол.
Оның айтуынша, вакцина егілмес бұрын тізім жасалады және сұрақтары бар парақ беріледі.
«Ондағы сұрақтарға жауап жазылуы керек. Вакцина салдыратын адам вакцина туралы барлық ақпаратты білуі керек және екпеден кейін қандай реакция болуы мүмкін екенінен де хабардар болуы қажет. Сондай-ақ вакцинадан бас тартудың салдары қандай болуы мүмкін екенін де білуі шарт. Одан кейін барып адам вакцина егуге келісім береді.
Вакцина медициналық мекемелерде егіледі. Ол жерде шок терапиясы қамтамасыз етіледі. Вакцина егетін маман алдына келген адамның дене қызуын, қан қысымын өлшеуі, жүрек соғысының жиілігін бақылауы керек және вакцина туралы барлық ақпаратты білетініне көз жеткізіп, келісімін алуы керек», - дейді Бақыт Көшерова.
Оның айтуынша, вакцина егу – арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды адам ағзасына енгізу. Екпеден кейін дене қызарып, бөртіп кетуі, дене қызуы көтерілуі ықтимал, дене құрысып қалуы да мүмкін.
«Мұндай құбылыстар болуы да, болмауы да мүмкін және осы туралы вакцина алатын адамға ескертілуі керек. Вакцина ектіретін адам жақын күндері қандай дәрі-дәрмек ішкені туралы дәрігерге ескертіп айтуға тиіс. Дәрігер сол ақпаратқа сүйеніп шешім қабылдайды. Вакцина егілген адам үш күн бойы өзін бақылауы керек. Бойында әлсіздік байқалса, дене қызуы көтерілсе – бірден учаскелік дәрігеріне хабарлауы қажет. Өз бетімен шешім қабылдауына болмайды», - дейді ол.
Бақыт Көшерова «не себепті вакцина ең алдымен медицина қызметкерлеріне егіледі» деп көп сұрайтынын айтты.
«Жансақтау бөілімінде, қабылдау бөлімінде, жедел жәрдемде жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер алдыңғы шепте жүретіндіктен – ең алдымен солар аурудан қорғалуы керек. Одан кейінгі кезекте мұғалімдер, полиция қызметкерлері және тағы басқа алдыңғы шепте жүретін мамандар. Олардың кезегі қашан келетінін болжап айту қиын, себебі әр облыста қанша маман бар, қаншасы егілуі керек соған байланысты.
Ал Қазақстанда вакцина 18-60 жас аралығындағы адамдарға егіледі. Жас аралығында шектеуде өзгеріс болуы мүмкін деп ойлаймын, себебі бұл вакцинаға қатысты әлі де зерттеу жұмыстары, мақалалар жазрияланып жатыр. Спутник-V вакцинасы Ресейде 18 жастан жоғары адамдарға егіледі. 18 жастан ары қарай шектеу жоқ. Мысалы, 62, 65, 70 жастағы адамдар маған екпе салдырғысы келетінін айтты. 1 ақпаннан бастап күніне 60 адамға вакцина егілетін болады. Қалай болатынын жағдайға қарай көреміз», - дейді профессор.
Ол «Қауіп-қатер тобына кірмейтін адамдар вакцинаны қалай алуына болады?» деген сұраққа жауап берді.
«Вакцинамен барлық тұрғынды қамтамасыз ету – әлем бойынша өзекті мәселе. Еуропа мемлекеттері вакцинаның бірінші дозасын алғанмен, екінші дозасын әлі ала алмай отыр. 1 ақпаннан бастап Қазақстанда дәрігерлерге вакцина егу басталады. Вакцина жеткілікті мөлшерде шығарылса – қалаған адамның бәріне салынады. Вакцина медициналық сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан бәріне тегін түрде егіледі. Екпеден бас тартуға болады, ол әр адамның өз таңдауы. Вакцина адамның қауіпсіздігі үшін егіледі, соны ұғынуымыз керек», - дейді ол.
Профессордың айтуынша, ақпан айынан ресейлік вакцинаны егу басталса, сәуір айында қазақстандық вакцинаның клиникалық сынағы аяқталады.
«Тағы бір айта кетерлігі, бұл вакцина қызылшаға арналған вакцина сияқты 10 жылға антидене қалыптастырмайды. Сол себепті коронавирусқа қарсы вакцина жыл сайын егілуі мүмкін және жағдайға қарай әр жылы әртүрлі вакцина егетін боламыз. Вакцинадан кейін қалыптасатын антидене 6 ай, 1 жыл немесе 2 жыл болуы мүмкін. Мұның бәрі әзірге зерттеу кезеңіндегі мәселе. Коронавирустың өзі 2019 жылы желтоқсан айында пайда болса, вакцина егу 2020 жылы желтоқсанда басталды. Оның нәтижесі қалай болатынын уақыт көрсетеді.
Өз басым вакцина егіле бастайтын күнді асыға күтемін. Қорғаныс құралдарын киген күйде жұмыс істеу дәрігерлерге оңай емес. Дифтерияға қарсы вакцина шыққанға дейін жағдай өте қиын болған. Түнде ауырып жатқан адам таңертең мәйітханада жататын, ал ол дертке қарсы вакцина шыққалы бәріміз ондай ауру бар екенін ұмытып кеттік. Вакцина егілгеннен кейін біз де коронавирус деген дерттің болғаны туралы ұмытып, көрген түстей өтіп кетсе екен деп ойлаймын. Вакцина еккеннен кейін ғана біз пандемияны жеңе аламыз», - дейді Бақыт Көшерова.