09 ақп, 2021 сағат 10:53

Вакцина алғаныма бір апта болды, көңіл-күйім жақсы – медицина маманы

Вакцина алған бір аптаның ішінде көңіл-күйіме кері әсерін тигізетін жағдай болған жоқ. Бұл туралы Көкшетау қаласындағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының аумақтық бөлім меңгерушісі Мақпал Айтбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәрігердің айтуынша, өзі жұмыс істейтін емханада вакциналау науқаны ақпанның 2-де басталды. Оның ішінде алғашқы легте 2 медбике мен 3 дәрігер, барлығы 5 адам екпе алды. Барлығында асқыну мен ауытқу белгілері байқалған жоқ. Келесі қатарда тағы 6 қызметкер мен 4 оқытушыға вакцина салынды. Бұдан бөлек, тағы 15 қызметкерге вакцина салу жоспарланып отыр. 

«Вакцина салғызған адамның артериалды қысымы, басқа да өзгерістері жарты сағат бойы бақылауда болады. Сонымен бірге, үш күн бойы ауыр жұмыс істемеуі, алкогольдік ішімдік ішпеуі және вакицина салған жерге су тигізбеуі тиіс. Өзім вакцина алғаннан бері бір апта бойы дәрігердің бақылауында болдым. Осы уақытта көңіл-күйім жақсы», - деді Мақпал Айтбаева.

Сонымен қатар, ол вакцинадан қорқудың қажеті жоқ екенін, бұл екпе қазіргі эпидемиологиялық жағдайды назарға ала отырып, адамдардың коронавируспен ауруы мен одан болатын өлім-жітім санын азайтуға бағытталғанын атап өтті. 

«Біздің қазір алып отырған вакцинамыз «Гам-КОВИД-вак» (Спутник V) екі компоненттен тұрады. Ақпанның 2-де біз бірінші компонентін алсақ, енді 21 күннен кейін екінші компонентін аламыз. Сонда біз вакциналаудың толық сатысынан өтеміз. Вакцина адамдардың коронавируске шалдығуының алдына алуға және одан болатын өлім санын азайтуға бағытталып отыр», - деп толықтырды Мақпал Айтбаева.

Осы ретте, ол вакцина алуға келісім берген адамдар туралы мәліметтер арнайы базаға енгізілетін жеткізді. 

«Базада ол адамның артериалдық қан қысымы, жүрек қағысы, дене қызуы, өзге де қосымша аурулары бар-жоғы туралы толық медициналық мәліметтері болады. Оны жоғары жақтағы басшылар кез келген уақытта қарап бақылай алады», - деп түйіндеді Көкшетау қаласындағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының аумақтық бөлім меңгерушісі Мақпал Айтбаева.

Айта кетейік, Ақмола облысында вакцина салу жұмысы 24 егу пунктінде жүргізілуде. Кейін қалған партия түскен кезде қалған егу кабинеттері мен көшпелі бригадаларды іске қосу жоспарлануда. 1104 медицина қызметкері жұмысқа тартылып, дайындалды. Қазіргі кезде, облыс бойынша 500-ден астам ақмолалық коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алған.