10 ақп, 2021 сағат 13:48

Вакцина алған ақтөбелік дәрігер: Жағдайым жақсы, ауырсыну белгісі болмады

Ақтөбе қалалық №6 емхананың бөлім меңгерушісі Ләззат Жүсіпбекова алғашқылардың бірі болып екпе қабылдады. Дәрігер тұрғындарға вакцинациялаудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы бойынша 1 мың доза жеткізіліп, қазір ақ халаттылар вакцина қабылдап жатыр. Олар: инфекциялық аурухана қызметкерлері, жедел жәрдем қызметкерлері мен емхана мамандары. Бәрі де науқастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. 

«№6 Ақтөбе қалалық емханасында медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы екпе алып жатыр. Күн сайын тұрғындарды қабылдап, оларға ем жүргізетін мамандар бірінші болып вакцинацияланды. Қазіргі кезде індетті жеңетін, оған қарсы тұрар жолдың бірі – екпе. Адам ағзасында антидене пайда болып, бізді қорғауға септігін тигізеді. Ең тиімді жолы осы. Вакцина қабылдаған адам саны көп болса, біз соғұрлым өз-өзімізді қорғау көрсеткішін жақсартамыз», - деді №6 емхананың бөлім меңгерушісі Ләззат Жүсіпбекова. 

Дәрігер өзге әріптестері секілді вакцина қабылдады. Қазір өзін жақсы сезінеді. 

«Мен де екпе қабылдадым. Жағдайым жақсы. Ине салған жері аздап ауырды, бір күн ғана. Кейін бәрі ұмытылды. Негізінде дене қызуы көтеріліп, бас ауруы мүмкін деп ескертті. Бірақ өзімде ауырсыну белгісі болмады», - деді ол.