03 жел, 2021 сағат 16:40

Ұжымдар мен коммерциялық ұйымдар қайырымдылыққа 6,2 млрд теңге жұмсады


«Қайырымды істер марафоны» аясында ұжымдар мен коммерциялық ұйымдар қайырымдылыққа 6,2 млрд теңге жұмсады. Бұл туралы «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттарын марапаттау салтанатты шарасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дегенмен ең маңыздысы – Мемлекет басшысы Қайырымды істер марафонына бастамашылық жасай отырып, қазақстандықтарға басты құндылығы – жомарттық, мейірім қағидаты және адамдардың өмірін жақсартуға деген қарапайым адами ниет болатын қоғамдастықты бірлескен күш-жігермен құруды ұсынды. Және де бұл мақсатқа қол жеткіздік. Бүкіл елімізде төңірегіне бей-жай қарамайтын мыңдаған азамат пен ұйым қатысып, оны шын мәнінде жалпыұлттық жобаға айналдырды. Марафонға 1 200 ҮЕҰ мен волонтерлік ұйым, 300-ден астам білім беру ұйымы, 360 ұжым мен кәсіподақ қатысты. Ұжымдар мен коммерциялық ұйымдардың қайырымдылыққа жіберген қаражатының жалпы сомасы 6,2 млрд теңгеден асты», - деп атап өтті Аида Балаева.

Сонымен қатар министр Президент бастамаларын қолдау ісінде барлық көрсеткіш бойынша Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстары көш басында болғанын баса айтты. 

«Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекет тарапынан волентерлік пен қайырымдылықты қолдау іс-шаралары жалғасатын болады. Биыл біз Волонтерлікті қолдау жол картасын жүзеге асыруды бастадық. Қайырымдылық қызетті дамыту жөніндегі іс-шаралар да нәтижелі болып шықты. Айталық, Президенттің тапсырмасымен қазіргі уақытта Мәжіліс қарауында жатқан волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту мәселелері жөнінде заңнамаға түзетулер топтамасын әзірледік. Өткен жылы жоспарланғандай үкіметтік емес ұйымдардың одан ары институцияландыру жөніндегі жұмыс жандандырылды. Биыл «ҮЕҰ академиясы» базасында ғана 800 үкіметтік емес ұйым тегін оқудан өтті», - деді Аида Балаева.