02 там, 2023 сағат 17:27

Ұйықтап жатқан жерінен көршісі оятқан: Ақкент тұрғыны оқиға қалай болғанын айтты

видеодан алынған кадр

Кеше, 2 тамызда Алматыдағы "Ақкент" шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінде өрт шықты. Тұрғындар оқиға қалай болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz сайты.

Оқиғаны көзбен көргендердің бірі өртсөндірушілер жоғары қабатқа дейін жете алмағанын, сондықтан құрылыста жұмыс істеп жатқан крандар жұмылдырылғанын айтады.

"Олардікі (өртсөндірушілер - еск.) жетпегеннен кейін мына жерде жұмыс істеп жатқан түріктер бар ғой. Солар өздерінің крандарын әкелді. Кран арқылы 15-16 қабаттағыларды шығарып алды. Олар қазақтарды мінгізген жоқ. "Өзіміз кран әкелдік, өзіміз құтқарамыз" деді. 16-қабатқа қарай өртсөндірушілер де мінген жоқ. Арғы бұрыштан үш баласымен бір әйелді құтқарды. Екі айлық баласы, 4 жасар баласымен тағы бір әйелді құтқарды. 15-қабатта 4 студент болды. Соларды құтқарды. Кішкене кешіккенде, 10-қабаттан жоғары қарай адамдарға қиын болар еді", - дейді Ақкент тұрғыны.

Тұрғындардың сөзінше, тілсіз жаумен күресте ауызбіршілік танытқандарының арқасында көп адам аман қалған.

"Бұл жерде бәріміз бір-бірімізді танимыз. Ортақ чат бар. Көп адам көршілердің ауызбіршілігінің арқасында аман қалды. Өзім білетін достарым жұмыстан келіп, үйін толық жөндеп, демалып, ұйықтап алайын деп жатқанда, қарама-қарсы көршісі келіп оятқан. Түтінге уланып жатқан", - дейді ол.

видео: M NEWS Youtube арнасы