19 қаң, 2022 сағат 11:20

Утилизациялық алым жинайтын "Оператор РОП" қызметі тоқтатылды


Үкімет кәдеге жарату алымы есебінен құрылған активтерді мемлекет меншігіне алып, "ӨКМ Операторына" қатысты қаулы қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі "Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы" қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес "Жасыл даму" АҚ мемлекеттік ұйымы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалды", - делінген хабарламада.

Үкімет мәліметінше, "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің утилизациялық төлемді әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды.

"Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функцияларын мемлекеттік ұйым - "Жасыл даму" АҚ орындайды", - делінген хабарламада.

2021 жылдың соңында утилизациялық алым ставкасы мен көлік бағасына наразы болған қазақстандықтар утилизациялық алымды алып тастау талабымен петицияны іске қосты.

Ал жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке утилизациялық алым ставкасын қайта қарауды және "Оператор "РОП-тың" қызметін тоқтатуды тапсырды. Президенттің пікірінше, бұл жұмыспен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы қажет.