Утильалым азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізе ме? Бұл сауалға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейбір қоғам белсенділері утильалым азық-түлік қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізіп отырғандығын айтады. Бұл да шындыққа жанаспайтын ұғым деп ойлаймыз. Қайта ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттардың отандық болуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Шетелдік зауыттар келгеннен кейін еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет көрсету орталықтарын ашып отыр. Егер бұрын елімізде өндірісі болмаған кезде техниканың қосалқы бөлшегі қажет болғанда күтуге тура келетін. Өйткені, ол басқа елден келеді. Ал қызмет көрсету орталықтары ашылғаннан кейін бұл мәселе жеңілдеді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы ретте Марат Қарабаев пандемия кезінде 1 мың жедел жәрдем көлігіне сұраныс туындап, оны отандық зауыттар 2 айдың ішінде құрастырып шыққанын мысалға келтірді.
«Мұны қалай жүзеге асыра алдық? Өйткені, елімізде өндірісі болды. Пандемия басталған кезде елдер бір-біріне ештеңе шығармады. Логистикалық жұмыстар тоқтап қалды», - деді ол.