Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Хабар24» телеарнасына берген сұхбатында елімізде автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымы төмендетілетінін айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Атамекен» ҰКП алаңында пікірталастың 4-5 раундын өткіздік. Оларды Экология, геология және табиғи ресурстар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, сарапшылық қауымдастықтар ұйымдастырды. Бұл талқылауларға әртүрлі сарапшылар, автоөндірушілер - бәрі-бәрі қатысты. Әрине, пікір өте көп. Елімізге шетелдік ескі-құсқы көліктерді кіргізу үшін утильалымды мүлдем алып тастау мәселесі де көтерілді. Отандық машина жасау саласына нұқсан келтіруге тырысқандар да болды», - деді Роман Скляр «Хабар-24» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасында.
Дегенмен, ол утильмалымға қатысты тиімді шешім қабылданғанын атап өтті.
«Шешім қабылданды, автомобиль өнеркәсібін ынталандыру деңгейі бізге көліктің барлық түріне және құрастырылатын ауыл шаруашылығы техникасына салынатын кәдеге жарату алымын 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Скляр.
Одан бөлек, Склярдың айтуынша, "Жасыл Дамудағы" 100 млрд теңге жеңілдетілген автонесие беруге бағытталатын болады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі - 4 пайыз, бастапқы жарна қажет етілмейді.
Несие жеті жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл бағдарламамен еліміздің 71 мың азаматы несиеге көлік алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, 30 млрд теңге автобустық паркті жаңартуға бағытталатыны айтылды.
Айта кетері, Қазақстанда утилизациялық алым айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. 2022 жылда бір АЕК 3 063 теңге болып белгіленді. Утилизациялық алым қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді. Оның нақты формуласы бар:
- қозғалтқыштың көлемі 1 000 см3-ге дейін болса, 50 АЕК (145 850) х 3 (коэффициент) = 459 450 теңге;
- қозғалтқыштың көлемі 2 000 см3-ге дейін - 50 АЕК (153 150 теңге) х 7 (коэффициент) = 1 072 050 теңге;
- қозғалтқыштың көлемі 3 000 см3-ге дейін - 50 АЕК (153 150 теңге) х 10 (коэффициент) = 1 51 500 теңге.
Осылайша, аталған төлемнің барлығы екі есеге төмендейді.