25 нау, 2020 сағат 13:57

Ұстаздарды онлайн-сабақ жазуға мәжбүрледі деген орынсыз мәселе туындамауы тиіс - вице-министр

сындай сын сәтте ұстаздарды күштеп жұмысқа тартып, онлайн-сабақ жазуға мәжбүрлеп отыр деген орынсыз мәселе туындамауы тиіс. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Шолпан Каринова Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі күні коронавирустың таралуына қарсы күресті күшейту кезінде 6 сәуірден бастап мектептер төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастайды. Қазір балалар көктемгі демалыста. Мұғалімдер болса, балаларды жаңаша оқытуға дайындық үстінде. Оқушылардың демалысы кезінде мұғалімдер бұған дейін де өздерінің педагогикалық шеберлігін арттырумен айналысатын. Әдістемелік қоржынын толықтырып, болашақ сабағына қажетті материал қарастыратын. Бүгінгі күні әдеттегі дайындыққа қоса мұғалімдер өз цифрлық құзіретін күшейту бойынша жұмыс жасауы қажет. Қашықтан жұмыс жасауда мұғалімдердің жүйелік тәжірибесі жоқ екенін ескеретін болсақ, әрине, бұл оңай шаруа емес және бұндай жұмыс бұрын талап етілмеген. Десек те, сабақ барысында мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін де жұмыс жасайтын. Бұның өзі цифлық жүйеде жұмыс жасаудың қандай да бір тәжірибесі екені анық», - деп жазады вице-министр. 

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда мектеп әкімшілігі, әдістемелік бірлестік жетекшілері, ұстаздар қашықтықтан оқытуға ауысу бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Ең маңыздысы - осы мәселені дұрыс түсіну. Қашықтық сабақ – әдеттегідей қырық минут көлеміндегі сабақ емес. Қашықтық сабақтың әдіс-тәсілдері, қағидалары да басқа. 

«Осындай сын сәтте ұстаздарды күштеп жұмысқа тартып, онлайн-сабақ жазуға мәжбүрлеп отыр деген орынсыз мәселе туындамауы тиіс. Қазіргі жағдайда бұл - мұғалімнің өзіне керек нәрсе, бұл - мұғалім жұмысының жаңа шарты. Ең бастысы, оқушылар мұғалімнен қызықты, тартымды сабақ күтеді», - деді ол. 

Осы ретте вице-министр ата-аналарды бұл мәселеге түсінікпен қарауға, балаға жаңа форматта оқу материалын игеруге көмек беріп, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың орнауына ықпал етуге, қажетті нәтижеге жету үшін көмек беруге шақырады. 

«Тек осылай, бірлесе жұмыс жасау арқылы біз оқу үрдісін дұрыс ұйымдастырып, балаларға қажетті білім мен құзіретін бере аламыз. Кейбір мектептерде сапалы интернет, мұғалімдер мен оқушыларда компьютердің болмауы, отбасында бірнеше бала болған жағдайда компьютерді пайдалану мәселері, дайын интернет-платформалардың жоқтығы түсінікті. Бұл сұрақтар, әрине, бар, олар жеке тұрғыда қарастырылады, оларды шешу жолдары анықталуда», - деді Шолпан Каринова.