Фото: instagram.com/nemolchikz_official
НеМолчи.kz қоры Алматыда 20 жастағы бойжеткенді 7 қыз бопсалағанын және олардан қашу үшін жас қыз үшінші қабаттың терезесінен секіріп, ауруханаға түскенін мәлімдеді, - деп жазады Tengrinews.kz.
НеМолчи.kz Ұзынағаш ауылының 20 жастағы тумасы аяқ-қолы мен омыртқасының сынуына байланысты ауыр жарақаттармен ауруханада жатқанын хабарлады. Қор мәліметінше, 16 мамырда 7 қыз 20 жастағы бойжеткенді пәтерге кіргізіп, ұрып-соққан. Одан бөлек 100 000 теңге бопсалап, тауып бермейтін болса, сексуалдық құлдыққа сататынын айтып қорқытқан. Қорлау мен зорлаудан құтылу үшін қыз үшінші қабаттағы терезеден секіріп, жарақат алған. Қор жәбірленушіге қажетті медициналық көмек көрсетуді, сондай-ақ кінәлілерді жауапкершілікке тартуды сұрайды.
Ал Алматы Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, Алмалы аудандық полиция бөлімінде тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта іс жүргізу аясында жан-жақтылық, толықтық және объективтілік қағидаттарын қатаң сақтай отырып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деді ПД баспасөз қызметі өкілдері.