Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Жандос Дәулетбеков әуе апатында жарақат алған ҰҚК қызметкерлерінің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дәрігердің айтуынша, әзірге ешқандай өзгеріс жоқ.
«13 наурызда болған әуе апатынан зардап шеккен екі адам №4 қалалық клиникалық ауруханаға сағат 18:05-те өте ауыр жағдайда түсті. Екеуінің жағдайына қатысты ауруханалар мен ведомстволық медициналық қызмет мамандарынан тұратын қалалық консилиум өтті. Зардап шеккендерді емдеп жатырмыз, бірақ жағдайлары өте ауыр», - деді Жандос Дәулетбеков.
Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22 кезінде радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді.
Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Ұшақ апаты болған жерге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды тапсырған болатын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқандығын мәлім етті.