Алматыда дәрігерлер ұшақ апатынан жапа шеккен екі адамның денсаулығы жайлы айтты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Оқиға орнында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының жедел жәрдемнің 10 реанимациялық бригадасы жұмыс істеп жатыр.
«Зардап шеккен адамның бірі 33 жастағы ер адамның сол жақ саны ашық сынған, жабық ми жарақатын алған. 25 жастағы жігіт ми жарақатын алған, қол саусақтары сынған. Сонымен қатар, 2-3 дәрежелі күйік алған. Қазір олар Алматыдағы 4 аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Дәрігерлер зардап шеккендердің өмірін құтқару үшін бар күшін салуда. Барлық кадрлар, соның ішінде қаланың бас реаниматологы жұмылдырылды»,- деді басқармадан.
Еске салсақ, бүгін Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22-де радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді.
Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақаттармен Алматы қаласының 4-қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.