Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нариман Табынбаев әуе апатында жарақат алған ҰҚК қызметкерлерінің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нариман Табынбаев 13 наурызда болған әуе апатынан зардап шеккен екі адам №4 қалалық клиникалық ауруханаға сағат 18: 05-те өте ауыр жағдайда түскенін айтты.
«1990 жылы туған науқастың диагнозы: аралас жарақат, бассүйек-мидың жабық жарақаты, кеуде қуысының көптеген сынуы, аяқтың сынуы, іш жарақаты, өкпенің жарақаттануы және 15% күйік шалу. Ауруханаға түскен алғашқы минуттан бастап ол шокқа қарсы шаралар қабылдады. Барлық күш жағдайын тұрақтандыруға бағытталды. Сынған аяғына жедел хирургиялық операция жасалды. Екінші науқас 1996 жылы туған. Оғанда түрлі дене жарақаты диагнозы қойылды. Бассүйек-мидың жабық жарақаты, оның омыртқасы сынған. Екеуі де білікті мамандардың бақылауында», - деді Нариман Табынбаев.
Оның айтуынша, олардың өміріне төнген қауіп сейілді.
«Десекте үлкен жарақат бар екенін түсінуіміз керек. Сондай-ақ, асқындыратын фактор бар – ол күйік жарақаттары. Олардың өзіндік кезеңдері бар. Сондықтан, біз мүмкін асқынулардан қорқамыз. Біздің барлық мамандарды жұмылдырдық. Атап айтсам, реаниматологтар, травматологтар, хирургтер. Біз олардың өмірін сақтап қалу үшін күресеміз. Қазір сырттан маман шақырудың қажеті жоқ. Біздің науқастардың жағдайы тұрақталады деп сенеміз», - деді спикер.
Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы АН-26 әскери ұшағы радардан жоғалып, Алматы әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді.
Ұшақта болған 4 адам қаза тапты, 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Ұшақ апаты болған жерге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды тапсырған болатын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқандығын мәлім етті.