15 сәу, 2020 сағат 18:08

Ұрсысатын уақыт емес – вице министр дәрігерлерді бірігуге шақырды

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Алматы бас санитарлық дәрігерінің дәрігерлерді айыптауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова дәрігерлер коронавирус симптомымен жұмысқа келіп жүрді деп айыптаған болатын. 

«Территориялық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметі қандай? Осы орган қазір медициналық ұйымдардың ішіндегі ең әлсіз тұстарын анықтау керек. Әлбетте, біздің әріптестерімізге кемшіліктерді нұқып көрсеткен жақпауы мүмкін. Дәрігерлердің мәлімдемесіне қатысты қазір тексеру жүріп жатыр. Жалпы, Орталық клиникалық ауруханадағы жағдай, дәрігер әріптесіміздің мәлімдемесі зерттеліп жатыр. Комиссия шығарған қорытындыға сәйкес, заңбұзушылықтар анықталса, ол нормативтік-құқықтық база шеңберінде жазасын алады», - деді Камалжан Надыров. 

Оның айтуынша, өз-өзін құрметтейтін кез келген маман медициналық ұйым ішінде инфекция таралмайды деп 100 пайыз сеніммен айта алмайды. 

«Бұл – нонсенс. Медицина қызметкерлері қауіп тобына жатады. Орталық аурухана дәрігерден пациентке немесе пациенттен дәрігерге жұғуы әбден ықтимал. Ары қарай тізбектеліп кете береді. Бұл жағдайға түсіністікпен қарау керек», - деді вице министр. 

Камалжан Надыров қазір бірінші міндет – біреуді жұмыстан шығару емес, мәселенің себеп-салдарын айқындау екенін айтты. 

«Әріптестерімді ешкімді айыптап, ұрысуды қоя тұруға шақырамын. Қазір біз бұл мәселеге тереңдемей, одан да бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Ел басшылығы мен халықтың бізден күтіп отырғаны осы ғана», - деді ол.