07 қыр, 2023 сағат 15:49

Ұлытау облысындағы кеніште тағы бір адам қаза тапты

Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұлытау облысында "Өркен" ЖШС кенішінде жұмыс істеген кенші қаза тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қайғылы оқиға 6 қыркүйекте болған. Қазіргі кезде арнайы комиссия кеншінің қалай қаза тапқанын анықтауға кірісті. Алдын ала болжамға сәйкес, 39 жастағы ер адам тау жыныстары үйіндісінің астында қалып қойған.

Жұмыс берушінің айтуынша, бұл - жазатайым оқиға.

Кәсіпорын басшылығы марқұмның жақындарына көңіл айтты. Қаза тапқан қызметкердің отбасына барлық қажетті қолдау шаралары ұжымдық келісімшартқа сәйкес көрсетіледі.

Айта кетері, "Өркен" ЖШС "АрселорМиттал Теміртаудың" құрамына кіреді.

Еске салайық, биыл маусымда Батыс Қаражал шахтасында тау-кен массасының опырылуыынан жерасты машинисі қаза тапқан. Марқұм "Өркен-Атасу" ЖШС "Өркен" қызметкері болған. Ол түнгі ауысымда серіктесімен бірге кен бетіне көтеру міндетін атқарған.