07 қыр, 2023 сағат 16:06

Ұлытау облысында ер адам қалыңдығын өлтірді деген күдікке ілінді

видео кадры

Ұлытау облысы Қаражал қаласының тұрғыны қалыңдығын өлтіріп, оның туыстарын да өлтірмек болды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ер адам қызға үйленгісі келген, бірақ олардың арасында келіспеушіліктер болған. 5 тамызда қыздың туыстары оны Қаражалдан алып кетуді шешкен. Қызды алып кеткеннен кейін, күйеу жігіт арттарынан қуып, әдейі жол апатын ұйымдастырған. Болжам бойынша, жігіт қалыңдығы отырған көлікті бірнеше рет соғып, жол жиегіне шығарып жіберген.

"5 тамызда бес жолаушысы бар көлік жол апатына түсіп, аталған дерек Қаражал қаласының полиция бөлімінде 345-бап 2-бөлігі ("Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан Жол қозғалысы ережелерін бұзу") бойынша тіркелді. 18 тамызда 28 жастағы жәбірленушінің қаза болуына байланысты іс 345-бап 3-бөлігі ("Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзу") бойынша қайта қаралған", - деді Ұлытау облысы ПД баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, соталды тергеп-тексеру барысында тиісті сот сараптамалары тағайындалған. 6 қыркүйекте сараптама қорытындысы алынғаннан кейін қылмыстық іс 99-баптың 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша қайта қаралған.

"Басқа зардап шеккендерге қатысты Қылмыстық Кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы ("Екі және одан да көп адамды өлтіруге қастандық жасау") бойынша соталды тергеп-тексеру басталды.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соталды тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық істі тергеуді ПД мен облыс прокуратурасының басшылығы бақылауға алды", - дейді ведомство өкілдері.