Қазақстан Республикасының Жаппай көкпар федерациясы ресми түрде аккредитация алып, жеке ұйым ретінде тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жаппай көкпар халыққа ортақ, атадан балаға мирас болып келе жатқан құнды мұра. Көкпар күш пен жігердің, палуан мен тұлпардың етене бітісіп, асау мінезді тізгіндейтін алаң. Көкпар жаһандану дәуірінде өз өміршеңдігін танытып, ұлттық брендке айналып отыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Бақытжан Тұрлыбеков құттықтау сөзінде осынау игі істің барша жанкүйерлерін құттықтап, бұл бастамада табысқа жететініне сенім білдірді.
"Бүгінгі қадам көкпарға жаңа леп берері сөзсіз. Одан ұлттық спорт ұтпаса, ұтылмайды. Енді көкпар республика бойынша жаңа қарқынмен жүйелі түрде дамитын болады", - деп атап өтті Б.Тұрлыбеков өз құттықтау сөзінде.