2020 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық сараптама орталығының зертханаларында коронавирус инфекциясына 1,9 млн зерттеу жүргізілді. Оның ішінде 66 мыңнан астам сынама оң нәтижемен шыққан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталықтың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ҰСО зертханаларында орташа есеппен тәулігіне 5 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Тестілеу 16 филиалда өткізілді. Аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат республика бойынша 485 маман COVID-19 талдауларын зерттеуге жұмылдырылды.
Өткен жылғы пандемия кезінде дезинфекциялық қызметтер де үлкен жұмыс атқарды. Олар демалыссыз, тәулік бойы төтенше жағдай туындаған инфекциялық ошақтарда зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді.
«Дезинфекциялау тұрғын және кеңсе үй-жайларында, ұшақтардың салондарында, карантиндік және провизорлық орталықтарға авиажолаушыларды тасымалдайтын автобустарда, сондай-ақ жолаушылардың багажында жүргізілді.
Сондай-ақ, сауыққан науқастар мен олармен байланыста болған тұлғалар шығарылғаннан кейін стационарлар мен орталықтар дезинфекцияланды.
Өткен жылдың 10 айында дезинфекциялық бөлімдердің 592 маманы 40 мыңға жуық ошақты өңдеді.
Бүгінгі таңда ҰСО мамандары COVID – 19-ға зерттеулер жүргізуді және ошақтарды дезинфециялауды жалғастыруда», - деді ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығының» баспасөз қызметінен.