13 қыр, 2024 сағат 12:32

Ұлттық құрылтай – өзекті мәселелер талқыланатын алаң


Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында еліміздің егемендігін нығайтып, демократия жолын дамытудағы жүзеге асып жатқан саяси іс-шараларға тоқталды. Саяси жүйені жаңғырту, президенттік билікті шектеу және Парламенттің рөлін арттыру мәселелерін көтерді. Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, жұмыссыздықты жою және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету сұрақтары талқыланды. Экономикалық реформаларды жүргізу қажеттілігі атап өтілді. Жаңа Қазақстан құру жолында ескі кадрларды, оның ішінде қарын майды шірітіп жүрген бір құмалақ демекші, мамандар мәселесіне тоқталды. Қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға да ерекше тапсырмалар берді. 

2023 жылы Түркістанда өткен жиында конституциялық реформалар мен Әділетті Қазақстан құру жолындағы іс-шараларға тоқталды. Мемлекет басшысы азаматтық қоғамның дамуының арқасында Қазақстан бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгеріп келе жатқанын да ескерді. Түпкі мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз екенін алға тартып, әр азаматтың сана-сезімі өзгеруі керектігін айтты. «Адал азамат – адал еңбек» тұжырымдамасын да дәл осы отырыста бекітті. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс екенін де баса айтты. Қазақстан тарихы шынайы жазылған жеті томдық еңбекті әзірлеуді тапсырды. Тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеуді тапсырды. Мәдени мұраларымызды жан-жақты дәріптеуді де ескертті. Дәл осы құрылтайда Түркістанға ерекше атау берілді. Идеология жұмысындағы басты бағыттардың бірі – кітап басып шығару ісі. Сол себепті ұлттық мүддеге сай келетін кітапты басып шығарудың маңыздылығына да тоқталды. Ұлттық құндылықтарды насихаттаудың тағы бір бағыты ол - кино индустрия. Ақша табу жолында арзан фильмдер түсіруді қою керектігін де алға тартты. Жастарды қолдау, білім беру және тәрбие жүйесін жаңғырту, жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын арттыру мәселелері де назарға алынды. 

Биылғы өткен құрылтайда да бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Отырыс барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің рухани-идеологиялық бағытын, тұрмыс деңгейін жақсарту үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық бағдарларды атап өтті.

Көптеген мәселелердің арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, вандализм, және су ресурстарын пайдалану мәселелері ерекше назарға алынды. Тоқаев қоғамдағы қатыгездіктің артуына алаңдаушылық білдіріп, мәдениетсіздік пен табиғатқа зиян келтіру жағдайларына тоқталды.

Сондай-ақ, құрылтайда қоғамдық рәміздер мен мемлекеттік символиканың маңыздылығы, атап айтқанда, гербтің дизайны туралы ұсыныстар да көтерілді. Жалпы, құрылтайда қозғалған мәселелер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көпшілік назарын аударатын тақырыптар болып табылады.