Ұлттық Олимпиада комитеті бас ассамблеясының отырысында комитеттің бас хатшысы Андрей Крюков кәсіби спорт клубтары қаражатын жас буынның дайындығына бағыттау керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Спорт резервін дайындау жүйесі елдің спорттағы жетістігін айқындайтынын көрдік. Ұлттық құрама командалар жаңа буынмен үздіксіз толығып отыруы керек. Жас спортшылардың ынтасы болмауы олардың спортты ерте аяқтауына әкелуі мүмкін. Ұлттық құрама командаларды дайындау ісінде резервтік дайындықты қайта құрып, күшейту басым бағыт болуы керек. Ұлттық олимпиада комитеті резерв дайындаумен айналыспайтынын айтқым келеді», - деген комитеттің бас хатшысы соңғы 3 жылда ұлттық құрамалардың қаражаты қысқарғанын сынға алды.
«Қаржыландырудың қысқаруы да кері әсерін тигізді. Қазіргі спорт қаржыландыру мәселесінде жүйелілікті қажет етеді. Ұлттық құрама командалардың көшбасшыларын дайындауға қарастырылған қаражатты 2018-2021 жылдар аралығында 90 пайыз кеміту спортшылар мен бапкерлер персоналының ынтасын түсіріп, дайындықты тұралатты. Күрес, бокс, дзюдо, ауыр атлетика және басқа да жетекші спорт түрлерінің қаржысын Рио ойындарынан кейін қысқарту Токиодағы сәтсіздіктердің негізгі себептерінің бірі болды. Риода ұтып алған 18 медальдің 16-сын жеке бағдарлама бойынша жаттыққан спортшылар алған болатын», - деді Андрей Крюков.
Сондай-ақ, ол ұлтттық құрамалардың сапалы дайындығына қажет ақшаның нақты шығыны қазіргі қаржыландыру көлемінен әлдеқайда көп екенін атады.
«Жергілікті бюджеттердің спортқа бөлетін қаражатын ескерсек, ұлттық құрама командалардың мемлекет тарапынан қаржыландырылуы спортқа жұмсалатын жалпы шығынның 6 пайызын ғана құрайды. Мұны ірі кәсіби футбол клубтарының қаржыландыруымен салыстырп көрейік. Біздің ойымызша, бұл - ойға қонымсыз. Спорт клубтары 50 адамды қаржыландыратын ақшаға ұлттық құраманың 1300 адамын қаржыландырып отырмыз. Сондықтан, біздің бұл жердегі ұстанымымыз айқын. Кәсіби клубтардың бюджетін қайта қарап, босаған қаржыны балалар-жасөспірімдер спортына беруді қолдаймыз. Олимпиада спортшыларының жетістігі әрдайым өскелең ұрпаққа үлгі болып отырады. Ал кәсіби клубтардағы аты белгісіз легионерлер ондай үлгі көрсете алмайды. Бірақ соларға қаражаттың ауқымды бөлігі кетіп жатыр», - деді ҰОК бас хатшысы.