28 қар, 2025 сағат 17:53

Қостанайдың жас теннисшілері республикалық жарыста үздік атанды

Фото: egemen.kz
Алматыда еліміздің және Өзбекстанның жас спортшыларын жинаған дәстүрлі «Алтын күз – 2025» республикалық жасөспірімдер арасындағы үстел теннисі турнирі аяқталды. Алты күнге созылған бәсекеде қатысушылар 2010–2012, 2013–2014 және 2015 жыл және одан кіші жас санаттары бойынша жүлделер жиынтығын сарапқа салды.

Турнирде Қостанай облысы Қостанай, Рудный және Арқалық қалаларынан келген 13 жас спортшы келді. Қызықты әрі тартысты матчтардың қорытындысы бойынша облыс екі чемпиондық атаққа ие болды. Өз жас санаттарында жеңімпаз атанғандар – Қостанай қалалық №2 БЖСМ үстел теннисі бөлімінің тәрбиеленушілері Жания Бекмұхамбетова мен Дагир Данияров.

«Екі чемпион – өте жақсы нәтиже. Қарсыластар мықты болды, әсіресе Өзбекстаннан келген спортшылар. Олардағы үстел теннисі өте қарқынды дамып келеді, көп бала халықаралық турнирлердің жүлдегері атанған», – деді Қостанай облысы құрамасының аға жаттықтырушысы Ғайып Данияров.


Биыл Өзбекстан спортшылары шынымен жоғары дайындық көрсетті – олар алты финалдың бесеуіне жолдама алып, медаль үшін күресте қазақстандықтардың басты бәсекелесіне айналды.

Жаттықтырушының айтуынша, Қазақстанда да үстел теннисіне деген қызығушылық қарқынды өсіп келеді.

Инфрақұрылымның дамуы, секциялардың қолжетімділігі және балалармен жүйелі әдістемелік жұмыс өз нәтижесін беруде. Бұл серпіліс спорт мектептерінің тұрақты жұмысы, жаттықтырушылар құрамының еңбегі және балалар спортына мемлекет пен бизнес тарапынан жиілеп отырған қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр. Осындай бірлескен күш-жігер секцияларды дамытуға, балалардың турнирлерге қатысуына және үлкен спорттағы жетістіктерге жол ашуға мүмкіндік береді.

Қостанай спортшыларын дайындауда серіктестердің қолдауы да ерекше рөл атқарады. Көп жыл бойы өңірдің жасөспірімдер командасын дамытуға қазақстандық Allur автомобиль компаниясы көмектесіп келеді: инвентарь, спорттық киім ұсынып, жарыстарға қатысуға жағдай жасауда. Қостанай облыстық үстел теннисі федерациясы да дайындық процесіне, жарыс сапарларын ұйымдастыруға және жасөспірімдер бағытын дамытуға белсенді атсалысады.

Ғайып Данияров жоғары нәтижеге тек техника немесе физикалық дайындықпен ғана жетуге болмайтынын атап өтеді.

Эмоциялық тұрақтылық, шешім қабылдау жылдамдығы және спорттық мінез де жылдар бойы қалыптасады.

«Біз күн сайын, аптасына жеті рет жаттығамыз. Балалардың қосымша дене даярлығы сабақтары бар. Әдетте көп еңбектенген спортшы жарыста ең жақсы нәтижені көрсетеді», – деді ол.


«Алтын күз» турнирі еліміздегі жасөспірімдер арасындағы үстел теннисінің негізгі бәсекелерінің бірі саналады. Бұл жарыс командалардың дайындығын бағалауға, рейтингтерді жаңартуға және болашағы зор жас спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді.