Фото: ҚР МАМ
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ұлы ақын, ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы» атты мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Шара аясында ақынның сирек кездесетін басылымдары мен музыкалық мұраларын қамтыған көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда 30-дан аса сирек кітаптар мен қолжазбалар қойылған, оның ішінде 10-нан астам түпнұсқа еңбек бар.
Көрменің ең құнды жәдігерлерінің бірі – 1909 жылы Санкт-Петербургте Ильяс Бораганский баспасынан жарық көрген Абай шығармаларының алғашқы жинағы. Жинақты ақынның немере інісі Кәкітай Ысқақұлы мен ұлы Тұрағұл құрастырып, баспаға дайындаған. Араб қарпімен терілген бұл басылым мың данамен шыққан, бүгінде оның төртеуі ғана сақталған, соның бірі – Ұлттық кітапхана қорында.
Сонымен қатар, «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының қорынан Абайдың ерте шыққан басылымдары, көркем шығармалары мен музыкалық мұралары ұсынылды. Арасында 1905 жылы араб әріпімен жазылған Абайдың өз қолжазбасы және әдеби хатшысы Мүрсейіт Бикеұлының «Абайдың шығармалары» атты қолжазбасы бар.
Мерекелік бағдарламада «Абай әлем тілдерінде» әдеби-сазды кеші, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» жыр кеші, «Абай 14» кітап клубының ашылуы, «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмі, жас абайтанушылармен кездесу және «Абай бол LIKE» интеллектуалды викторинасы өтті.
