«Almaty Management University» президенті, қоғам қайраткері Асылбек Қожахметов мемлекеттік органдар халыққа қызмет етуі керек деген қағида орындалмай келе жатқанын мәселе етіп көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Елімізде мемлекеттік органдар кеңселеріне азаматтардың қол жетімділігі наразылық тудырады. «Халықтың мемлекеттік кеңселерге емес, мемлекеттік кеңселердің халыққа қызмет етуі керек» деген қағида орындалмай келеді. Мемлекеттік органдардың азаматтарға айқара ашылған есігін көру мүмкін емес. Сондықтан, сәтті тәжірибелерді қолданып, әр меморганда кездесулер мен көпшілік іс-шараларды өткізу үшін Үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне рұқсат құжаттарынсыз, шектеу жасалмай, ұялы телефондарымен кіре алатын әр мекеменің бірінші қабатында арнайы көпфункционалды кеңістік құру жөнінде ұсыныс жасаймын», - деді Асылбек Қожахметов елордадағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында.
Сондай-ақ, ол белсенді азаматтарды ұлттық компаниялардың директорлар кеңесіне енгізуді ұсынды
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың квазимемлекеттік секторды қысқарту туралы ұсынысын қолдаймыз. Қазақстанның бүкіл экономикасының 60 пайыздан астамын құрайтын аталмыш сектор жұмысының ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында бір білікті азаматтық белсендіні әр ұлттық компаниялардың – «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «Казагро» және олардың еншілес компанияларының директорлар кеңесіне, сондай-ақ, өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың директорлар кеңесіне енгізуді ұсынамын», - деді Қожахметов.
Еске сала кетсек, бүгін елордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
«Қазақстан Президенттік басқару формасындағы мемлекет ретінде қалуы керектігіне сенімдімін. Алайда Парламент саяси жүйедегі лайықты орнын алуы қажет», - деді жиында Президент. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанда саяси реформалар қажеттілігі пісіп-жетілгенін мәлім етті.