Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғалы бері алты айдың ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еуразиялық интеграция институтында «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: талдамалық зерделеу» атты сараптамалық баяндама жасаған сарапшы кеңес құрылғалы бері екі басқосу өткенін еске салды.
«Осы отырыстар қандай мәселелерді қамтып, нақты қандай жұмыстар істелді? Біріншіден, бейбіт жиын өткізу туралы заң жобасы қазір халықтың талқылауы үшін интернетке шықты. Бұл жерде біздің кез келген азаматымыз заңның әрбір бабы бойынша ой-пікірлерін айта алады. Заң жобасы Парламентке шықпай тұрып, қоғамның өз ұсыныстарымен оған өзгеріс енгізуге мүмкіндігі бар. Екіншіден партияны тіркеу үшін 20 мың адамның қолы жеткілікті. Өздеріңіз білетіндей бұрынғы талап – 40 мың адам болған еді. Үшіншісі – Қылмыстық кодекстің 174-бабын (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) қайта қарастыру. Яғни бұрын бұл бап бойынша бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалып келсе, қазір бұл жазаны әкімшілік жазаға ауыстыру процесі жүріп жатыр. Парламенттік оппозиция бойынша да талқы көп. Парламентте міндетті түрде оппозиция болуы керек, өз ойларын айтатын партиялар да Парламентке кіру керек деген оң өзгерістер болып жатыр», - деді Бауыржан Серікбаев елордада өткен баяндаманың таныстырылымында.
Сарапшы Ұлттық кеңеске қатысты қоғамда түрлі сыни пайым-пікірлер айтылып жатқанын заңдылық деп қабылдау керектігін айтады.
«Біз сыннан қашпауымыз керек. Оларды тыңдай отырып, керісінше Ұлттық кеңестің жұмысын жетілдіріп, оны халық үнін билікке жеткізетін платформа болатындай деңгейге алып шыққанымыз абзал. Ұлттық кеңес – жаңадан құрылған ұйым. Қазіргі таңда оның отырыстарын аймақтарда өткізуге қатысты ұсыныстар айтылды. Расында да, аймақтарда біз естіп, білмей жатқан проблемалар баршылық. Бір ғана мысал – Қордай оқиғасы. Сол себепті жедел түрде оқиға орнына шығып, мәселені жергілікті жерде талқыласа менің ойымша, белгілі бір позитивті өзгерістер болар еді. Сонымен қатар ұлттық кеңестің отырысын үш айда бір мәрте емес, мүмкіндігінше айына бір рет өткізіп, Ұлттық кеңестің рөлін арттыру керек деген ойдамын», - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, елімізде «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заңды қабылдау мәселесі де өзектілігін арттырып келеді. Бұл заңға деген халық пен қоғам тарапынан сұраныс жоғары болып отыр.