26 қыр, 2023 сағат 18:20

Ұлттық экономика министрінің экс-орынбасары сотталды

Фото:gov.kz

Алматыда бұрынғы ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровке (Алматы қаласы әкімінің экс-орынбасары), Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұхановқа және Алматы қаласы Қаржы басқармасының экс-басшысы Айнұр Құдайбергеноваға қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабы 5-бөлігі, сондай-ақ 190-бабы 4-бөлігі (алаяқтық және алаяқтыққа жәрдемдесу) бойынша сотталушылар - М., У. және К.-ға  қатысты қылмыстық іс қаралды.⠀

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, ҰҚКД бастығының орынбасары М. алдау жолымен Алматы қаласы әкімінің орынбасары У. және Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы К. арқылы сот үкімі бойынша тәркіленген 5 мүлік нысанын көрінеу төмендетілген бағамен иеленген.⠀

"Сотталушылар - М., У. және К. өз кінәларын мойындамады. Соттан өздерін ақтауды сұрады.

Ал прокурор сотталушы М.-ды 8 жыл, У.-ды 6 жыл 8 ай, ал К.-ны 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленуші МАБ өкілі жазаны соттың қарауына қалдырды, залалдың өтелуі себепті шағымдары жоқ.⠀

Сотталушылардың айыпталған әрекеттерді жасаудағы кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелер, куәгерлердің айғақтары, сот сараптамаларының қорытындылары, сондай-ақ аудиторлық қорытындымен дәлелденді" - делінген хабарламада.

Сот үкімімен М. өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бөтеннің мүлкін жымқырғаны немесе аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкіне құқықты сатып алғаны үшін, ал У. және К. мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқаратын тұлғалар бола тұра және өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, алаяқтыққа жәрдемдескені үшін кінәлі деп танылды.

"М.-ға мемлекеттік қызметте, судья қызметінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

У. және К.-ға мемлекеттік қызметте, судья қызметінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды - сотталушыларда соттылықтың жоқтығын, сотталушыларда кәмелетке толмаған және кішкентай балаларының болуын, сондай-ақ бір сотталушының (М. - ред.) залалды өтеуін ескерді.

М.-ның айыпты ауырлататын мән-жайы - қылмыстық құқық бұзушылықты ант қабылдаған тұлғаның жүзеге асыруы" - делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.