11 там, 2021 сағат 11:27

Ұлттық банк төрағасы инфляция деңгейіне түсінік берді


Бүгін Үкімет отырысында биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляцияға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандағы инфляция биылғы жылғы маусымда 7,9%-ке дейін күрт көтерілгеннен кейін өсуді жалғастырып, шілдеде 2017 жылдан бері ең жоғары мән – 8,4%-ке жетті. Азық-түлік нарықтарында теңгерімсіздіктердің жиі орын алуы, шикізатқа әлемдік бағаның өсуді жалғастыруы және негізгі сауда серіктестер болып саналатын елдерде, әсіресе Ресейде инфляциялық тұрғыда жоғары болуы аясында инфляцияның жеделдеуі орнықты сипатқа ие болуда», - деді Досаев. 

Оның айтуынша, көкөністердің жекелеген түрлері бағасының жазғы айларға тән емес күрт қымбаттауы нәтижесінде биылғы шілдеде 10,6 пайыздан 11,0 пайызға дейін ұлғайған азық-түлік инфляциясы жылдық бағаның өсуіне бұрынғысынша көп үлес қосты. Ет пен өсімдік майының қымбаттауы да қосымша қысым көрсетуді жалғастыруда.

«Азық-түлікке жатпайтын инфляция ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар және жанар-жағармай бағасының өсу қарқынының жеделдеуіне байланысты 6,9%-дан 7,2%-ға дейін өсті. Ақылы қызметтер инфляциясы коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі және жекелеген нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында 5,6 пайыздан 6,1 пайызға дейін жеделдеді. Азық-түлік, жанар-жағар май бағаларының айтарлықтай өсуін, электр энергиясы бағасының көтерілуін, фискалдық ынталандырудың барынша күшеюін ескере отырып, Ұлттық банктің алдынала бағалауы бойынша инфляция 2021 жылдың соңына таман 6-7% дәлізінде күтіледі. Биылғы жылғы тамыз-қыркүйекке жоспарланған алдағы болжамды раунд аясында жаңартылған болжамдар берілетін болады. Инфляциялық процестердің айтарлықтай жеделдеуі жағдайында, жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты шеңберінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк биылғы 26 шілдеде базалық ставканы 9,25 пайызға дейін 25 базистік тармаққа арттыру туралы шешім қабылдады», - деп толықтырды ҰБ басшысы.