Ақпан айында Еуропадағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі әлемдегі қаржы нарықтарының басты назарында болды. Күтпеген сыртқы өзгерістерге байланысты Ұлттық Банктің қандай әрекетке барғаны туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ә.М. Молдабекова түсіндіріп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kapital.kz сайтына сілтеме жасап.
– Әлия Мейірбекқызы, ақпан айы күптеген оқиғаларға толы болды, оның бәрі ішкі және сыртқы нарықтарда да көрініс берді. Бұл қандай оқиғалар болғаны туралы айтып бересіз бе?
– Ақпан айында геосаяси аренадағы жағдайдың ушығуы нарықтың басты қозғаушы күші болғаны сөзсіз. Ресейге қатысты бұрын-соңды қолданылмаған санкциялар, атап айтқанда, кейбір қаржы ұйымдары SWIFT-тен ажыратылып, орталық банктің активтері тоқтаған тұста рубль рекордтық деңгейде құлдырады. Негізгі мөлшерлемені 20%-ға дейін көтеру және экспорттаушылардың валюталық түсімнің 80%-на дейін міндетті сатуын енгізу жөніндегі РФ Орталық банкінің шұғыл шараларына қарамастан, Ресей валютасы жоғары құбылмалық аймағында қалып, тарихи ең төменгі көрсеткіштерді жаңартуда.
Ақпан айының қорытындысы бойынша, MOEX Мәскеу биржасында рубльдің биржалық бағамы 77,32-ден 94,6-ға немесе 22%-ға төмендеді, ал наурыз айының басынан бастап бір АҚШ доллары үшін 120 рубльге дейін 27%-ға әлсіреді. Оффшорлық нарықтардағы баға белгілеу биржадағы баға белгілеуден айтарлықтай ерекшеленетінін атап өткен жөн. Дегенмен, биржалық бағам дәстүрлі түрде сенімді бағдар болып табылады, өйткені қазіргі жағдайда оффшорлық сауда-саттық, көбінесе, инвесторлар арасында туындаған теріс көңіл күйді көрсетеді.
Сондай-ақ наурыз айының басында ірі халықаралық рейтингтік агенттіктер Ресей Федерациясының шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «алыпсатарлық санаттың» төменгі шекарасына дейін төмендетті. Fitch рейтингтік агенттігі дефолттық жай-күйден бір сатыға ғана жоғары «С» деңгейіне дейін 6 сатыға төмен түсірді. Сарапшылардың пікірінше, санкциялар Ресей Федерациясының қолжетімді валюталық резервтерін қысқартты, ал капиталды бақылау шаралары елдің шетелдік кредиторлары алдындағы міндеттемелерінің орындалуын шектеуі мүмкін.
Геосаяси жағдай шиеленіскесін инвесторлар түрлі тәуекелдерден алшақтап, соның салдарынан өз қалпында өсіп келе жатқан алтыннан басқа да шикізат тауарлары қымбатшылыққа ұрынды. Мәселен, АҚШ әкімшілігі Ресей мұнайын импорттауға тыйым салуды қарастырып жатқаны туралы хабарлардың негізінде қара алтынның бағасы он жыл ішінде алғаш рет барреліне 132 доллар деңгейінен асты. Еуропада табиғи газдың бағасы бір шаршы/м. үшін 4000 долларға дейін көтерілді, ал бағалы металдар нарығында алтын унциясы 2070 долларға жетті. Өнеркәсіптік металдар сегментінде мыс, болат пен никель бағасы да геосаяси жағдайдың бенефициары болды.
Шикізат активтерінің өсуі қысқа мерзімді перспективада инфляцияның жеделдеуіне ықпал етеді, бұл АҚШ ФРЖ-ның монетарлық саясатты күшейтуі қарсаңында дамыған елдерде акция нарығына қысым көрсетеді. Ақпанның қорытындысы бойынша, MSCI World индексі 2,7%-ға төмендеді, 9 наурызда 5,8%-ға шегерілді.
– Ай ішінде валюта нарығында қандай өзгерістер болды? Интервенциялар жүргізілді ме және жағдайды тұрақтандыру үшін қандай шаралар қолданылды?
– Ай басында сыртқы сияқты ішкі факторлар да ұлттық валюта үшін біршама қолайлы болды. Мұнай бағасының өсуі аясында геосаяси жағдайдың шиеленісуіне дейін, сондай-ақ экспорттаушылардың бюджетке тоқсандық салық төлемдері кезеңі қарсаңында 10 ақпандағы жағдай бойынша теңге бір АҚШ доллары үшін 426,10 теңгеге дейін нығайды.
Геосаяси жағдайдың ушығуы, жаһандық тәуекел-сентименттің нашарлауы және дамушы нарықтар валюталарының әлсіреуі аясында 21 ақпаннан бастап валюта нарығында тұрақсыздықты болдырмау үшін Ұлттық Банк 175,6 млн АҚШ долларына интервенция жүргізді. Ұлттық Банктің қатысуы ресми ресурстарда да, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да кеңінен жария етілді.
Жаһандық қаржы нарықтарында құбылмалылықтың күшеюі аясында 28 ақпанда биржадағы сауда-саттық 2020 жылғы наурыздан бастап алғаш рет Франкфурт аукционы түрінде өтті. Аукцион кезінде 98,1 млн долларына интервенциялар жүзеге асырылды, олардың үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 61,5% болды. Мәселен, ақпанда валюталық интервенциялардың жалпы көлемі 273,7 млн АҚШ долларын құрады.
Сыртқы экономикалық жағдайлардың өзгеруіне жауап ретінде валюта нарығына қысымды төмендету және инфляциялық күтулерді ұстап тұру үшін Ұлттық Банк пен Үкімет бірлескен іс-шараларын жүзеге асырды. Ұлттық Банк кезектен тыс шешімімен базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін 3,25 п.т. көтерді. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша бюджет қаражаты есебінен өтемақы есептеуді көздейтін теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды.
Ұлттық қордан бюджетке 510 млн доллар мөлшерінде трансферттер бөлу үшін валютаны сату, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сату шарасы валюталық нарыққа қолдау көрсетті, оның аясында ақпан айында 190,7 млн доллар сатылды.
Ұлттық Банк бұрынғыдай сыртқы нарықтардағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалайды. Қажет болған жағдайда, Ұлттық Банк ұлттық валютаға қатысты жағдайды тұрақтандыруға, оның ішінде валюталық интервенциялар жүргізуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға дайын.
– Рубльдің құлдырап жатқан тұста көптеген отандастарымызды теңге мен рубль арасындағы «байланыс» қаншалықты тығыз екендігі мазалады. Ресей валютасының күрт өзгеріске ұшырауы теңгеге қалай әсер етпек?
– Алдымен, Ресей Федерациясымен тығыз сауда қатынастарына қарамастан, теңге бағамын белгілеу бірқатар факторларға байланысты қалыптасатынын атап өткен жөн. Ұлттық Банк теңгенің Ресей рубліне ұқсас серпінін негізсіз және түбегейлі бекітілмеген деп санайды, өйткені біздің валютамыз үшін сыртқы және ішкі жағдайлар қазіргі Ресей валютасына байланысты болып жатқан жағдайлардан мүлде басқаша.
Яғни, Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болғанына қарамастан, теңге бағамының серпіні рубль серпініне ілеспейді және оның серпініне тікелей қатысты емес. Біз Ресей Федерациясының валюта нарығындағы құбылмалылықтың біздегі валюта нарығына қарағанда бірнеше есе жоғары екенін көріп отырмыз және ол тікелей теңгеге қатысты рубль құнының төмендеуінен көрінеді.
Бір рубль үшін 5-6 теңге аралығында бұрыннан қалыптасқан теңге/рубльдің тарихи бағамы жаңа шынайылықты көрсетпейді және елеулі өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Осыған байланысты теңгенің рубльге қатысты қандай да бір тарихи бағамын ұстануды негізсіз деп санаймын.
– Осы болып жатқан жағдайдың бәрі еліміздің алтын-валюта резервіне қалай әсер етті?
– Ақпан айында алтын-валюта активтері 133 млн долларға ұлғайды. Алтын бағасының өзгеруі және екінші деңгейлі банктердің валюталық қалдықтарының төмендеуі өткен айдағы резервтер серпінінің негізгі факторларына айналды.
Геосаяси тәуекелдерді іске асыру қымбат металға сұраныстың артуына басты себеп болды. Инвесторлар белгісіздік кезеңінде қашан да сенімді қорғаныш активі болып табылатын алтынға сенім артады. Ақпан айында алтынның бағасы бір унция үшін 1791 доллардан 1903 долларға дейін немесе 6,3%-ға өсті. Ең жоғары ауытқу 24 ақпанға тура келді, ол күні алтынның бағасы 2011 жылдан бері алғаш рет 1920 АҚШ долларын еңсерді. Ал наурыз басында алтынның құны бір унция үшін 2000 АҚШ долларынан асып, биылғы 8 наурыздағы жағдай бойынша 2070 деңгейіне жетті.
Естеріңізге сала кетейік, алтын-валюта резервінде (АВР) алтынның үлесі үштен екіден көбін құрайды және осы үлесті төмендету мақсатында Ұлттық Банк металдың қолайлы бағасы аясында алтын сатуды жүзеге асырды. Ақпанның соңындағы жағдай бойынша алтын портфелі 380,2 тоннаны құрады.
Дегенмен, алтын бағасының өсуі мен оны сатудың оң әсері екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі шоттарынан валюталық қалдықтарының әкетілуімен, сондай-ақ валюталық интервенциялар жүргізумен ішінара теңестірілді.
– Ақпанда Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?
– Алдын ала деректер бойынша, ақпанның соңында Ұлттық қордың валюталық активтері өткен айда іс жүзінде өзгермей 53,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Өткен айда 264 млрд теңгеге кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді бөлу мақсатында валюта нарығында 510 млн АҚШ доллары немесе 221 млрд теңгеге активтер сатылды. Трансферттердің бір бөлігі теңгелік шоттағы қалдықтар мен Ұлттық қорға түсетін теңгедегі түсімдер есебінен қанағаттандырылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте, ақпанда қорға түскен валюталық түсімдер 1 195 млн АҚШ долларын құрады.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өткен айдың қорытындысы бойынша теріс қалыптасты және (-)657 млн АҚШ долларын құрады. Ақпан айының қорытындысы бойынша, дамушы елдер портфелінің инвестициялық кірісі (-)353 млн АҚШ доллары болып 6,10%-ға төмендеді, акциялар портфелінің инвестициялық кірісі (-)344 млн АҚШ доллары болып 2,3%-ға төмендеді.
Дамушы елдердің облигациялар портфелін теріс қайта бағалаудың негізгі себебі Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың шиеленісуі болып табылады. Бұл ретте дамыған елдердің акциялар нарығына қысым – инфляцияның жеделдеуіне және АҚШ ФРЖ монетарлық саясатының күтілген күшейтілуіне алып келді.
– Валюта нарығындағы жағдайдың бұдан былайғы дамуына қатысты қандай болжам айта аласыз?
– Геосаяси шиеленістің сақталуы аясында болып жатқан қақтығыстың ұлғаюы мен ұзақтығына қатысты белгісіздіктің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұл жағдайда, қазіргі уақытта қандай да бір болжам жасау өте қиын.
Қазіргі уақытта VIX – «үрей индексі» деп аталатын индекс инвесторлардың жуық арада нарық қозғалысының бағытына қатысты алаңдаушылығын көрсете отырып, жоғары деңгейде деп саналады. Нарықтың геосаяси жағдайға қатысты алаңдаушылығынан бөлек инвесторлар АҚШ ФРЖ тарапынан монетарлық күшейту ауқымының басталуын күтеді. Америкалық реттеушінің мәлімдеуі бойынша, ФРЖ-ның жуырдағы отырысында, яғни наурыз айында мөлшерлеме 0,25%-ға өзгеріп, оны көтеру кезеңі басталмақ.
Соған қарамастан, валюта нарығымыз үшін мұнай бағасы және басқа да экспортталатын шикізат тауарлары сияқты іргелі факторлар қолайлы кейіпте қалыптасып отыр. Сондықтан біздің экспорттаушылардың валюталық түсімі объективті түрде өсуге тиіс. Бұл біздің нарықтағы шетел валютасын ұсыну көлеміне қатысты.
Қазіргі уақытта шетел валютасына сұраныс көлемі іргелі факторлардың әсерімен емес, белгісіздік жағдайында халық пен бизнестің алаңдаушылығымен анықталады. Қазақстанның экспорты мен саудасына санкциялардың жоқтығын назарға ала отырып, нарық қатысушыларының мұндай қауіптері шамадан тыс саналады.
Ресей рублінің бағамы нарық әсерінде және тәуекел-сентименттің өзгеру ықпалында болып, іргелі факторларды көрсетпейді, сондықтан теңгенің серпіні рубльдің жай-күйіне байланысты болмайды және бұл жағдайдың орын алуы негізді.
Нарықтағы белгісіздік жағдайында біз орынсыз үрейленбеуге және шетел валютасын сатып алуда саралы шешім қабылдауға кеңес береміз. Ұлттық Банк нақты уақыт режимінде әлемдегі жағдайды қадағалап отырады және жағымсыз сценарийлер іске асырылған жағдайда ішкі қаржы нарығындағы тұрақсыздықтың алдын алу үшін барлық қажетті құралдарға ие боп қалады.