Ұлттық банк өзгермелі бағам кезінде еркін инфляцияны таргеттеу режимін ұстана береді. Бұл туралы Үкімет отырысында аталған қарды ұйымының төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сауда-саттық қорытындысы бойынша теңге бағамы бір доллар үшін 495 теңге 00 тиын деңгейінде қалыптасты. Сауда-саттық көлемі 159,5 млн долларды құрады. Құбылмалылықтың жоғарылауын ескере ескерсек, ҚР Ұлттық банкінің валюта интервенциялары 98,1 млн доллар болып, сауда-саттық көлемінің 61,5%-ын құрады», - деді Ұлттық банк басшысы.
Сондай-ақ ол Ұлттық банк нарықтарды қадағалап, жағдай бұдан әрі нашарлаған кезде қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдауын жалғастыратынын атады.
«Ұлттық банк нарықтық бағам белгілеуге кедергі келтірмей және белгілі бір бағам деңгейінің таргеттелуін болдырмастан, еркін өзгермелі бағам кезінде инфляциялық таргеттеу режимін ұстануды жалғастырады.
Бұл ретте, біз қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер күшейген жағдайда валюталық интервенцияларды жүргізуді жалғастырамыз», -деді Ғалымжан Пірматов.
Айтуынша, банк тарапынан қабылданатын шаралар кешені теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтауға, долларлану тәуекелдерін және айырбастау бағамына қысымды төмендетуге, сондай-ақ инфляцияның елеулі түрде өсу тәуекелдерін жеңілдетуге бағытталған.