12 қаң, 2022 сағат 10:17

ҰБ: Екінші деңгейлі банктердің онлайн сервистері кезең-кезеңімен қалпына келтірілді


ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев банкоматтардың жұмысын қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы қаржылық тұрақтылықты, әсіресе валюта нарығындағы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары қалай іске асатынын айтты. 

«Қаржы жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк мынадай шұғыл шаралар қабылдады. 

Биылғы 7 қаңтардан бастап бүкіл ел бойынша екінші деңгейдегі банктердің онлайн сервистеріне кіру кезең-кезеңімен қалпына келтірілді. Бүгіннен бастап Алматы қаласы мен Алматы облысын қоса алғанда, банктерді қолма-қол ақша қаражатымен және қолма-қол ақша беру үшін банкоматтардың жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды», - деді Ерболат Досаев. 

Сонымен қатар, ол 10 қаңтардан бастап қаржы секторы мен мемлекеттік бюджеттің теңгедегі төлемдерін жүргізу үшін Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының төлем жүйелері штаттық режимде жұмыс істей бастағанын еске салды. 

«Банк жүйесінің өтімділігін қолдау мақсатында Қазақстан қор биржасында репо операциялары арқылы теңгедегі өтімділікті ұсыну операциялары шектеусіз көлемде жүргізілуде», - деді Ұлттық банк төрағасы.