08 ақп, 2022 сағат 12:51

Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады – Пірматов


Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкіметпен бірлескен шараларды іске асыру нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция қыркүйек-қазан айларындағы ең жоғары 8,9 пайыздан 8,4 пайызға дейін баяулады. Алайда, базалық инфляцияның траекториясы инфляция баяулауының әлі де тұрақсыз екенін көрсетеді. Биылғы қаңтарда инфляцияның тағы 8,5 пайызға дейін жеделдеуі осыны дәлелдейді», - деді ҰБ төрағасы. 

Оның атап өтуінше, инфляция процестерінің орнықсыздығын байқай отырып, Ұлттық банк осы жылғы 24 қаңтарда базалық ставканы 10,25 пайызға дейін 50 базалық тармаққа көтерді. 

Бұл инфляцияны биылғы жылдың соңына қарай болжанатын 6-6,5 пайыз дәлізіне қайтаруға ықпал ететін болады. 

«Ұлттық банк келесі болжамдық раундының аясында наурыз айында 2022 жылға арналған инфляция болжамын өзектендіреді. Бағаның өсуін одан әрі төмендету үшін Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Ол Үкімет тарапынан тауар нарықтарындағы дисбаланстарға жол бермеуге бағытталған жүйелі шаралармен қатар орындалуы тиіс», - деді Ғалымжан Пірматов.