24 ақп, 2022 сағат 12:55

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтерді


ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен 13,5% деңгейінде белгілеу туралы кезектен тыс шешім қабылдады. Шешім 24 ақпанда күшіне енеді» делінген ҚР Ұлттық банкі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, 24 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 10,25 пайыз деп белгілеген еді.

Базалық мөлшерлеме - ақша нарығындағы номиналды пайыздық мөлшерлемені реттеуге мүмкіндік беретін Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі құралы. Базалық мөлшерлеме деңгейін белгілеп, реттеуші мерзімді кезеңде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі мақсатқа қол жеткізу үшін ақша нарығының қысқа мерзімді мөлшерлемесінің мәнін айқындайды.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені орта мерзімді кезеңде инфляция бағдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін деңгейде белгілейді.