Қараша айында азық-түліктің қымбаттауы тежеліп, жанармай мен отын бағасы өрши түскен. Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме туралы берген түсініктемесінде осындай мәлімет айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандағы жылдық инфляция аздап баяулап, қазан айындағы 8,9%-бен салыстырғанда 8,7% болды. Бұл серпін азық-түлік бағасы өсімінің 11,3%-дан 10,9%-ға дейін және ақылы қызметтерде 6,9%-дан 6,4%-ға дейін баяулауына байланысты болды. Бұл ретте қарашада нан-тоқаш өнімдері мен жарма, ет өнімдері бағасының өсуі жалғасты. Оған өндірушілер шығындарының ұлғаю түрткі болды», - деп жазылған Ұлттық банк мәліметінде.
Банктың талдауына сүйенсек, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы қымбаттай түскен.
«Қарашада жанар-жағар май, қатты отын бағасы өсуінің жалғасуы салдарынан азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық инфляциясы 7,8%-дан 8,3%-ға дейін жеделдеді. Жанар-жағар майдың тұтыну бағасын жылдық өлшемде 22,3% болды. Бензин құны 18,4%-ға, дизель бағасы 46,6%-ға өсті. Отынның қымбаттауы өндірушілер бағасының өсуі жағдайында орын алып отыр», - деп топшылайды Ұлттық банк мамандары.
Ұлттық банк дерегі бойынша, ақылы қызметтер бағасының жылдық өсу қарқыны сәл баяулап, жылдық мөлшерде 6,4% болған. Яғни, коммуналдық қызметтер, тамақтану орындары мен шаштараздардың қызметтеріне деген сұраныс сәл азайған. Ал тұрғын үйді жалға алу тарифтерінің өсуі жеделдей түскен.
Айта кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,75% деңгейінде өзгеріссіз қалдырғанын мәлімдеді.