26 шіл, 2021 сағат 17:22

Ұлттық банк ақша-кредит саясатын күшейтуге қатысты түсініктеме берді


Ұлттық банк инфляцияны мақсатты дәлізге қалай және ең бастысы қашан қайтарады? Елімізде ақша-кредит саясаты күшейтіле ме? Бұл сұраққа ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында жауап қатты.

«Инфляцияны мақсатты дәлізге қайтару үшін бізге бір мезгілде екі бағыт бойынша әрекет ету қажет. Біріншіден, бұл – Ұлттық банктің орта мерзімді келешекте инфляция бойынша мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге барынша күш салуы. Инфляцияны жоспарлы түрде төмендету үшін Ұлттық банк пайыздық саясатқа баса назар аудара отырып ақша-кредит саясатын жалғастырады. Ұлттық банктің пайыздық саясаты нарықтық мөлшерлемелерді базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізі шегінде ұстап тұруға бағытталады»,- деді А. Баймағамбетов сұхбат бере отырып. 

Сондай-ақ, төраға орынбасары Ұлттық банкте ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелерді реттеуге арналған ақша-кредит саясаты құралдарының тұтас жиынтығы барын айтты. 

«Оның ішінде базалық мөлшерлеме негізгісі болып отыр. Қазіргі уақытта пайыздық арнаның инфляциялық процестерге әсері әлі де шектеулі екенін мойындау керек және біз оның тиімділігін арттыруға ұмтыламыз. Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында біз монетарлық негіздерді күшейтуге, қаржы нарығын дамытуға бағытталған бірқатар бастамаларды және макроэкономикалық саясаттың тиімділігін арттыру үшін құрылымдық реформаларды көздедік. Екінші бағыт - бұған дейін айтқанымыздай, негізінен ақша-кредит саясатының ықпалынан тыс жатқан ұсыныс жағынан көптеген факторлар бар», - дейді ол. 

Оның сөзінше, инфляцияның нысаналы көрсеткішіне қол жеткізу үшін Үкімет тарапынан жүйелі шараларды қабылдау талап етіледі. 

Одан бөлек, А. Баймағамбетов экономиканы әртараптандыру, тұтыну нарығын отандық тауарлармен толтыру, шикізатқа жатпайтын экспортты кеңейту, сондай-ақ фискалдық тәртіпті арттыру міндет екенін баса айтты. 

Және Ұлттық банк өкілі инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенін қабылдау жұмысы Мемлекет басшысының биылғы 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын алға тартты. 

«Үкімет пен Ұлттық банктің тиісті шараларды бірлесіп іске асыруы – баға өсімін бақылауды күшейтуге және 2022 жылы инфляцияны мақсатты дәліз деңгейіне дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте Мемлекет басшысы тапсырған біздің орта мерзімді міндетіміз – 2025 жылы 3-4% инфляцияға қол жеткізу», - дейді Ұлттық банк басшысының орынбасары.