09 нау, 2022 сағат 18:17

Ұлттық банк 199 миллион долларға валюталық интервенция жасады


Қазақстанның Ұлттық банкі 198,9 миллион долларға валюталық интервенция жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Аукцион қорытындысы бойынша теңге бағамы бір долларға 510,00 теңге деңгейінде қалыптасты. Сауда көлемі 210,7 миллион доллар болды. Ұлттық банктің валюталық интервенциялары 198,9 миллион доллар, Ұлттық банктің қатысу үлесі 94,4 пайыз", - деп хабарлады Ұлттық банк.

Департамент әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың күшеюі аясында және ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу мақсатында 9 наурызда KASE қор биржасында сауда-саттық Франкфурт аукционы түрінде өткенін атап өтті.

Франкфурт аукционының механизмі мәмілелердің максималды мүмкін көлемі жасалатын аукционның кесімді бағасын анықтауға мүмкіндік береді және негізсіз құбылмалылықтың алдын алуға бағытталған.

28 ақпанда Қазақстан қор биржасында доллар-теңге жұбы бойынша сауда-саттық та Франкфурт аукционы түрінде өтті. Аукцион нәтижесінде Ұлттық банктің валюталық интервенциялары 98,1 миллион долларды немесе бір күндегі жалпы сауда көлемінің 61,5 пайызын құрады.

1 наурыздан бастап аукциондар әдеттегідей жалғасып жатыр. 1 наурыздан 5 наурызға дейін Ұлттық банк 534,3 миллион доллар сатты, бұл жалпы сауда көлемінің 60 пайызын құрайды, оның ішінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін айырбастау 414,3 миллион доллар және валюталық интервенциялар 120 миллион доллар болды.