05 қаз, 2022 сағат 12:12

"Үлкен апат келе жатыр". Қарин әлемдегі қарулы қақтығыстар туралы ойын айтты


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин әлемде болып жатқан қақтығыстар туралы пікірін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында ол ядролық қаруға қатысты сұраққа жауап берді. 

"Мен ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік мәселелерімен айналысып келдім. Терроризм мәселесімен айналысып жүрдім. Сол кездерде Ауғанстанға немесе қақтығыс болып жатқан басқа елдерге жиі баратынмын. Ауғанстанның өзіне 5-6 рет барған шығармын. 2016 жыл болатын. Таяу Шығыста, Ауғанстанда, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Ресей мен Украина арасында не болып жатқанын көріп жүрдім. Сол кезде күнделігіме "Әлемге үлкен дағдарыс келе жатыр. Үлкен бір апат келе жатыр" деп жазғанмын. Себебі қарама-қайшылықтар жиналып қалды. Бұл қарама-қайшылықтар үлкен шиеленіске алып келеді.

Бір алып мемлекет кейінгі 10 жылда өзінің әскери бюджетін 76 пайызға өсірген. Қазіргі уақытта әлемдегі әскери шығындардың бюджеті 2 триллионнан асады. Жыл сайын бірнеше пайызға өсіп жатыр. Яғни, алпауыт елдер арасында қарама-қайшылықтар тереңдеп бара жатыр. Біз мұны ескеруіміз керек. Қазақ қоғамына геояси талдау жетпейді. Біз ішкі мәселелермен шектеліп, сыртқы жағдайларды есепке алмаймыз. Біз бәрінен оқшау өмір сүріп жатқан сияқтымыз", - деді Қарин.