ҰҚШҰ-ға мүше елдер террористік шабуыл кезінде Қазақстанға дер кезінде қолдау мен көмек көрсетті. ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін өрістету дер кезінде және тиімді болды. Іс жүзінде ведомствоаралық және мемлекетаралық өзара іс-қимыл және ұйым ішіндегі үйлестіру тетіктері пысықталды.
Мемлекет басшысы ұйымның жақсы тәжірибе жинақтап, беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Іс жүзінде болған оқиғалар ҰҚШҰ-ның дамуындағы шешуші кезең болып, қуатты халықаралық институт ретінде жаңа сипат алды.
Ұйымға мүше елдер террористік шабуыл кезінде Қазақстанға дер кезінде қолдау мен көмек көрсетті», -деді министрлік маманы.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Қорғаныс министрлігінің атынан Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан сынды ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарына моральдық тұрғыда қолдағаны, тікелей және жедел әскери көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Бұл операция көпжылдық ынтымақтастық барысында жасалған тетіктерді іс жүзінде қолданудың мысалы ғана емес, сонымен бірге одақтас мемлекеттердің жауынгерлік бауырластығы мен рухының нақты дәлелі ретінде ұйымның тарихына енетіні сөзсіз», - деді Олжас Құсайынов.