28 қыр, 2022 сағат 19:14

ҰҚШҰ әскери техникалары Қазақстанға не үшін келіп жатыр - министрлік жауабы


Қорғаныс министрлігі Қазақстанға келіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің әскери техникаларына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бұдан бұрын хабарланғандай, 26 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Жамбыл, Алматы облыстарында ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел ден қою күштерінің "Өзара іс-қимыл-2022", "Іздеу-2022", "Эшелон-2022" оқу-жаттығулары өтіп жатыр.

Осыған байланысты елімізге Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери контингенттері келеді. Әскери техниканың қозғалысы теміржол, әуе көліктерімен және дөңгелекті техникамен жүзеге асырылады.

Бұл тұрғыда азаматтарды әлеуметтік желілерде таралатын түрлі қауесеттерге ермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз" - делінген ведомство хабарламасында.