04 нау, 2022 сағат 22:34

Украинамен жұмыс істейтін Қазақстан кәсіпкерлерінің мәселесі қаралуда - «Атамекен» ҰКП


«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов Дағдарысқа қарсы іс-шаралар жөніндегі жедел штабтың жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елдегі жағдай жалпы тұрақты. Бірақ та жақын көршілес елдегі жағдай (Ресей мен Украина арасындағы мәселе) басқаша, соғыс салдарын бәріміз көріп отырмыз. Бұл сұраққа саяси тұрғыдан емес, экономикалық жағынан қарасақ, бұл ахуал шағын кәсіпкерге қандай зиянын тигізеді, яғни санкциялар (Ресейге қатысты) Қазақстанға қандай әсер етеді деген мәселе бойынша түсіндіріп өтейін. Кешеден бастап жедел штаб өз жұмысын бастады. Осы екі күн ішінде 200-ден астам хабарлама келіп түсті. Атап айтқанда, көктемгі егін егу жұмыстарына дайындалып жатқан кәсіпкерлер Украинадан техника бөлшектеріне және басқа өнімдерге тапсырыс бергендерін айтып жатыр. Бұл мәселелерді ел өңірлерінен көтеріп жатқан кәсіпкерлер бар», - деді Н. Әбілшайықов әлеуметтік желідегі онлайн брифинг барысында. 

Осы орайда ол көтеріліп жатқан мәселелер өте маңызды екенін атап өтті. 

«Соңғы 10 күн ішінде көршілес Ресейге 50-ден астам санкция салынған. Бұл санкцияны салу үшін бір ғана құжат керек, ал оның күшін жоюға бірталай жылдар қажет. Осындай қиын-қыстау кезеңде Қазақстан кәсіпкерлерінің мүддесін қорғау мақсатында жедел штаб жұмысын бастады. Кеше таңертеңнен бері біздің әріптестер әрбір облыстағы, аудандағы, ауылдағы проблемалар жайында мәлімет алуда. Осы мәліметтердің барлығын Үкіметке жеткізіп жатырмыз. Сондықтан бұл штаб прблемаларды шешкенше жұмысын жалғастырады», - деді Н. Әбілшайықов. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, АҚШ Елшілігінің баспасөз қызметі Ресейге қарсы салынған санкциялардың Қазақстанға әсері туралы пікір білдірді.

«Украинадағы жағдай жылдам өрбіп жатыр. Сондықтан қазіргі таңда ұзақ мерзімді шаралар мен олардың салдары туралы айту қиын. Алайда, АҚШ санкциялары Ресей экономикасына бағытталғанын және басқа елдердің, соның ішінде Қазақстанның экономикасына әсерін жұмсарту жағы ескерілгенін атап өткіміз келеді. Сондай-ақ арадағы әріптестіктің 30 жылында біз Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға және нығайтуға көмектесу бағытын ұстанып келеміз», - делінген Елшіліктің жауабында.