Киев қаласындағы жағдайдың ұшығуына байланысты қазақстандық дипломаттар Львов қаласына уақытша көшірілді және олар ҚР азаматтарына көмек көрсету жұмыстарын штаттық режимде жалғастыруда.
Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР дипломаттарының көмегімен 57 қазақстандық ауыр жүк көлігінің 44-і Украина аумағынан шықты, ал қалған 13 автокөліктің жүргізушілеріне жан-жақты көмек көрсетілуде.
Қазіргі уақытта Катовице қаласында 165 қазақстандық бар. Украина-Польша шекарасын кесіп өту кезегінде ҚР азаматтары жоқ. Львовтағы ҚР Құрметті консулдықтың жанындағы эвакуациялық жинау орнында 11 адам жиналды, ал Харьковта 7 отандасымыз қалып отыр», - делінген хабарламада.
Украинадағы ҚР Елшілігінің ақпаратына сәйкес, Мариуполь қаласындағы ҚР азаматтарының жалпы саны 18 адамды құрайды. Электр энергиясы мен телефон жүйелерінің үзілуіне байланысты бүгінгі таңда олармен байланыс орнату мүмкіншілік жоқ. Сумы қаласында 2 Қазақстан азаматы бар, олармен тұрақты байланыстамыз. Аталған азаматтар гуманитарлық дәліздер арқылы эвакуацияланады деп күтілуде, аталған дәліздердің ашылуы Ресей мен Украина тараптарымен талқылануда.