© AFP 2022 / SERGEI SUPINSKY
Киев 48 сағаттың ішінде Ресей және Вена құжатына қатысушы-мемлекеттермен кездесу өткізуге сұрау салды.
Бұл туралы Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мәлімдеді. Осыдан үш күн бұрын ресми Киев іргелес аймақтардағы әскери әрекеттер бойынша Мәскеуден түсініктеме беруге сұрау салған, деп жазады Sputnik.
Сол кезде Кулеба Вена құжатының 16.1.2 бабы негізінде Ресейге 48 сағат беріледі деген.
"Ресей біздің Вена құжаты бойынша салған сұрауымызға жауап бермеді. Енді, біз келесі шешімді қабылдадық. Украина уақытша оккупацияланған Қырым мен біздің шекарамыздың бойымен РФ әскерінің қозғалысын талқылау мақсатында 48 сағаттың ішінде Ресеймен және Вена құжатына қатысушы-мемлекеттермен кездесу өткізуге сұрау салып отыр", - деп жазды министр өзінің Twitter парақшасында.
Айта кетері, соңғы бірнеше ай бойы АҚШ пен Еуропа Мәскеуді Украинадағы жағдай үшін айыптап, әскерін шекарадан шалғай жерге әкетуді талап етіп келеді. Ресей әскердің өз территориясында және қауіпсіздік мақсатында ғана жүргенін мәлімдеді.
Дмитрий Песковтың айтуынша, Мәскеу НАТО әскерінің ресейлік шекараға жақын жерде көбейіп жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр.