Украина-Ресей арасындағы мәселеге байланысты Үкімет жанынан қазақстандық кәсіпкерлерге көмектесетін шұғыл штаб жұмыс істеп жатыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов тікелей эфирде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Украинаға тауар өткізу бұзылды, көрші елдерге тауар өткізу бұзылды. Осындай күйіп тұрған мәселелер толып жатыр. Премьер-Министрмен күн сайын кешке штаб жиыны өтеді. Керек министрлердің бәрі сол штабқа қатысады. Әр мәселені пысықтап, нақты фактілерді беріп отырмыз. Сол фактілер бойынша бірден тапсырмалар беріледі. Мәселелер осындай жолмен шешіліп жатыр. Әзірге алгортимдерді әзірлеп жатырмыз. Дұрыс алгоритмді сынап, таңдап жатырмыз десек болады», – деді палата Төралқасының төрағасы.
Оның айтуынша, жағдай шынымен де төтенше.
«Рубльдің кесірінен теңге бағамы қалай құбылғанын көріп отырсыздар. Мұндай күйіп тұрған мәселелер өте көп. Өңірлік палаталардың бәрі осындай режиммен жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, көрші елдердегі геосаяси жағдайға байланысты туындаған проблемаларды бірнеше санатқа бөліп қарап жатырмыз. Шағын және микро, ірі және орта бизнес деп бөліп қарап жатырмыз», -деді Райымбек Баталов.