Фото ©REUTERS
Украина мен Ресей сыртқы істер министрлерінің Анталиядағы келіссөзі аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Екі министр арасындағы әңгіме шамамен 90 минутқа созылды, осыдан кейін Дмитрий Кулеба мен Сергей Лавров БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
Unian.net сайтының мәліметінше, Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келе алмағанын айтты.
"Украина Мариупольге дейін және Мариупольден гуманитарлық дәліз құруды, сондай-ақ бейбіт тұрғындардың гуманитарлық мәселелерін шешу үшін кем дегенде бір тәулікке атысты тоқтатуды ұсынды. Ресей тарапы бұған келіспеді. Мен келіссөздерді жалғастыруға дайынмын", - деді министр.
Кулеба егер Ресей мұны жасағысы келмесе, Украина соғысты тоқтата алмайтынын баса айтты.
"Бүгін мен Украина Путиннің шарттарын орындаса, атыс тоқтауы мүмкін екенін естідім. Алайда Украина берілмейді. Біз дипломатиялық шешімдерді іздейміз және оған қол жеткізбейінше, адамдарды Ресей агрессиясынан қорғаймыз...
...Бүгінгі формат жалғасады деп үміттенемін. Егер ресейлік тарап Украина туралы кең тараған үгіт-насихат клишелері мен нарративтерді қайталамай, байыпты мазмұнды талқылауға дайын болса, мен дайынмын", - деді ол.
Кулебаның айтуынша, ол келіссөздерге екі тапсырмамен келген: Мариупольге дейін және Мариупольден гуманитарлық дәліз ұйымдастыру, сондай-ақ соғыста қалған адамдардың барлық қажеттілігін шешу үшін кем дегенде 24 сағатқа бітімге келу туралы келісімге келу.
"Бірінші сұраққа келсек, мен министр Лавров Ресейде шешім қабылдайтындармен тілдесіп, ары қарай гуманитарлық дәліз жұмыс істейтініне шын жүректен үміттенемін", - деді министр.
РИА Новости агенттігі мәліметінше, Беларусьтегі келіссөздердің соңғы раундында Ресей Украинаға келісім бойынша нақты ұсыныстар берген.
"Беларусьтағы келіссөздердің соңғы раундында ресейлік тарап құқықтық құжат жобасы түрінде өте нақты пікірлерін білдірді. Ал Украина тарапы бұл ұсыныстарды Киевте қарап, жақын арада оларға нақты жауап беретініне сендірді", - деді РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Сонымен қатар, Сергей Лавров Ресей тарапы Анталияда атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізбейтінін айтты.
"Мен Кулеба мырзаның атысты тоқтату туралы келісімге келе аламдық деп айтқанына таңғалмаймын. Мұнда ешкім атысты тоқтату туралы келісімге келмейді", - деді Лавров.
Сонымен қатар, Лавров Дмитрий Кулебамен кездесуінде Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің кездесу мүмкіндігін талқылағанын, бірақ мұндай байланыс "кездесу үшін кездесу" болмауы тиіс екенін айтты.
"Президент Путиннің қарым-қатынастан ешқашан бас тартпайтынын бәрі жақсы біледі. Бұл байланыстар өз мүддесі үшін емес, кейбір нақты келісімдерді бекіту үшін ұйымдастырылғанын қалаймыз", - деді Лавров.
"Бүгін, айтпақшы, біз бұл тақырыпты қозғадық... Мен оған (Күлебаға), егер қандай да бір қосымша құнға қолжеткізіп, мәселені шеше алатын болсақ, әрқашан кездесуді жақтайтынымызды еске салдым", - деді РФ СІМ басшысы.
Журналистер сұрағына жауап берген Ресей сыртқы істер министрі де ядролық соғыстың басталатынына сенбейтінін және сенгісі келмейтінін айтты.
"Назарыңызды Украинада соңғы жылдары болған және кейінгі айлар мен апталарда шиеленісе түскен оқиғалар контекстінде ядролық тақырыпты тек Батыс өкілдері, ең алдымен НАТО көтергеніне аударамын", - деді Лавров.