23 маусымда Брюссельде өткен Еуропа одағы саммиті Украина мен Молдоваға одақ мүшелігіне кандидат статусын беру жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттель мен Еурокеңес басшысы Шарль Мишель хабарлады.
Украина президенті Владимир Зеленский саммитті құптап, оны Украина мен Еуроодақ арасындағы ерекше сәт деп атады. Ал Украинаның Еуроодақтағы елшісі Всеволод Ченцов Reuters агенттігіне: бұл шешім - "Мәскеуге Украина мен бұрынғы Совет одағы [құрамында болған] елдердің Ресейдің ықпал аймағына жатпайтынын білдірген белгі" деп мәлімдеген.
Еуропа кеңесі басшысы Шарль Мишель Еуроодақ саммиті Грузияның "еуропалық болашағы" барын мойындап, Грузия бірқатар шартты орындағаннан кейін Еуропа одағы бұл елге де кандидат статусын беруге әзір екенін мәлімдеді.
23 маусымда Еуропарламент Украина мен Молдоваға Еуропа одағы мүшелігіне кандидат статусын беру туралы қарар қабылдады. Еуропарламенттің 529 депутаты қарарды қолдап, 45 депутат қарсы дауыс берді.
Украина мен Молдова бұған дейін Батыс Балқан елдері мен Түркияға берілгендей кандидат статусына ие болды, бірақ бұл екі елмен келіссөз жемқорлықпен күрес және заң үстемдігін нығайтуға байланысты бірқатар шартты орындауға тәуелді болмақ.
Кандидат статусына ие болған екі елдің Еуропа одағы құрамына толық мүше болып қашан қабылданатыны белгісіз, саясаткерлер бұған ондаған жыл, тіпті одан да көп уақыт керек болады дейді.