15 мам, 2023 сағат 15:28

ҰҚК төрағасының орынбасарына "Вагнер" жасағына қатысты сұрақ қойылды

Фото: ©РИА Новости

Мәжіліс кулуарында журналистер ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаевтан "Вагнер" ЖӘК-ке арбап алынып жатқан қазақстандық жастар туралы сұрақ қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мәжіліс кулуарында журналистер Қалқабаевқа қазақстандық студенттердің ата-аналарының шағымы туралы айтып берді.

"Біздің жігіттерді арбап жатыр. Ал Қазақстан өз азаматтарын қорғай алмай отыр. ҰҚК мұны қадағалай ма, Ресейдің пенитенциарлық жүйесімен байланысы бар ма", - деп сұрады журналистер.

ҰҚК төрағасының орынбасары заңсыз қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтты.

"Біздің пенитенциарлық жүйемен байланысымыз жоқ, өйткені бізде басқа функция. Бірақ егер біздің азаматтардың шетелдік заңсыз әскери қақтығыстарға қатысу дерегі анықталса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер олар арбауға еріп, қатысса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деді ол.

"Вагнер" ЖӘК – ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожин құрған және соның бақылауындағы ресейлік мемлекеттік емес қарулы құрылым. Бірқатар елдерде террористік ұйым мәртебесі бар. 2014 жылдан бастап топ Украина аумағында жұмыс істейді, онда ауыр техника, артиллерия және әскери авиация бар.