Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысынан Қырғызстан Үкіметімен трансшекаралық өзендер мәселесін талқылауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл бізде тағы да қуаңшылық болайын деп тұр. Соған байланысты бар суды үнемдеуіміз керек. Ол үшін жаңа технологияларды, тамшылатып суғару жүйесін енгізу керек. Былтырдан бері жерасты суын пайдалануды қолға алып жатырмыз. Жалпы біздің өңірде 700-жуық ұңғыма бар. Соның 70-ке жуығын биыл іске қосамыз», - деген Бердібек Сапарбаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтан көмек сұрады.
«Суға байланысты біз министрлікпен жұмыс істеп жатырмыз. Осы жерде сіздің көмегіңіз керек. Көрші мемлекеттен Шу, Талас өзендері арқылы Киров және Орта Тоқай су қоймаларынан алынатын судың көлемін 550, 470 млн текше метр болуы керек. Өзіңіздің әріптесіңізбен сөйлесіп, келісімшартқа сәйкес су алсақ жақсы болар еді», - деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы субсидияларын жергілікті бюджет есебенінен төлету бастамасы туралы пікір білдірді.
«Тағы бір өтініш субсидияға байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Сіз (ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайылов - авт. ) тапсырма берсеңіз, осы айда тезірек беріле бастаса. Министрлікте субсидияны толық жергілікті бюджетке береміз деген әңгіме жүріп жатыр. Жергілікті бюджеттің жағдайы қалай екенін өзіңіз жақсы білесіз. Сондықтан жергілікті биліктермен бірге тағы да пысықтаса...», -деді Жамбыл облысының әкімі Үкімет басшысына қарата айтқан сөзінде.