03 қар, 2017 сағат 13:41

Үкіметте электронды білім беруді дамыту мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда электронды білім беруді дамыту мәселелері қаралды.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүгінгі таңда тұжырымдамалық түрде білім беру жүйесі негізгі үш бағыт бойынша жүргізілуде: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру.

Орта білім берудегі оқу үдерісін автоматтандыру үшін электронды журналдар жүйесі пайдаланылуда. Электронды журналдарды енгізген мектептерде қағаз түріндегісін қолдануға тыйым салынады. Әзірлеушілердің пікірінше, бұл қосарланушылықты тоқтатады және есептілікті айтарлықтай қысқартады.

Жоғары білім беруде «Жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесі» жұмыс жасайды, ол ақпараттық жүйелерді ықпалдастырудың  көмегімен толығады, осылайша әрбір оқушының мәртебесі бойынша өзекті мәліметтерді әрдайым көруге мүмкіндік береді. Ғылым саласында барлық ғылыми гранттарға өтінім беру, есептер қабылдау, мақалаларды есепке алу, электронды мекен-жайлар базасы цифрландырылды.  

Екінші бағыт – цифрлық білім беру контенті бойынша мектептер үшін үш тілде 80 мың бейнефильм мен интерактивті сабақтар енгізілді, олар мұғалімге сабақты әлдеқайда жоғары деңгейде жүргізуге көмектеседі. Биыл 7 082 мектеп аталған цифрлық ресурстарға қолжетімді болды.  

Аталған цифрлық ресурстар онлайн және оффлайн режимдерде қолжетімді, яғни мұғалім – пәнді жүргізуші дайын бейнематериалды алып, оны сабақ барысында оқу материалын түсіндіру немесе бекіту үшін пайдаланады. Мұғалімге енді сабақтарға қосымша материал іздеудің қажеті жоқ.

Үшінші бағыт – білім беруді басқаруды цифрландыру – басқарудың бірыңғай жүйесін құруды қарастырады, оған барлық білім берудің мәліметтер базалары негізінде Big Data құру енгізіледі.

«Осыған байланысты 2017 жылдың соңына дейін министрлік ведомствоішілік білім берудің мәліметтер базаларын ықпалдастыруды жоспарлайды, ал 2018 жылы біздің мәліметтерді мемлекеттік органдардың мәліметтер базаларымен ықпалдастыру жоспарланған», – деп түйіндеді Е. Сағадиев.

Электронды білім беруді енгізу бойынша ақпараттық-коммуникациялық саладағы министрліктің міндеттерін ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жеткізді.

«Адами капиталды дамыту АКМ әзірлеп жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасында көрініс тапты. Осылайша, Бағдарлама цифрландырудың артықшылықтарын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге қажетті халықтың дағдылары мен құзыреттерін дамыту арқылы креативті қоғам құруды, сондай-ақ экономика салалары үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандар даярлауды қарастырады», – деді Д. Абаев.

Министр айтып өткендей, Бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігі экономика салалары үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мамандар даярлау үшін 8 іс-шараны іске асыру қарастырылған. Аталған бағыттарды іске асыру білім беру жүйесі мен жұмыс берушілер арасында байланыс орнату үшін мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ экономикалық дамудың қуатты қозғаушы күші ретінде оқу орындарының рөлін күшейтеді.

Министрлік ҚР БҒМ-мен бірге хостинг қызмет көрсетулері аясында БҒМ-нің ақпараттық жүйелерін виртуалды серверге көшіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп түйіндеді Д. Абаев.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Білім және ғылым министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен, әкімдермен бірге өңірлер тұрғысынан мектептерді жылдамдықты интернетке қосу Жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұдан өзге, ведомствоішілік білім берудің мәліметтер базаларын ықпалдастыруды жоспарланған мерзімдерге сәйкес аяқтау тапсырылды.  

Аталған тапсырмаларды орындауды бақылау Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді.