Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина Мемлекетінің Жоғары судьясы, Президенттің дін істері жөніндегі кеңесшісі Махмұд әл-Хаббашты қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Палестина арасындағы дипломатиялық қатынас орнағаннан бері ынтымақтастықтың достық және өзара құрмет негізінде дамып келе жатқанын атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Палестинаны халықаралық қауымдастықтың толық мүшесі ретінде тану бастамаларын әрдайым қолдап келеді. Сондай-ақ Президент Таяу Шығыстағы ахуалды дипломатиялық жолмен реттеуге, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сай «Қос халық үшін екі мемлекет» қағидаты негізінде Палестина мемлекетін құруды қолдайтынын мәлімдеді.
Махмұд әл-Хаббаш кездесу кезінде Палестина Президенті Махмұд Аббастың Тоқаевқа жолдаған хатын тапсырды және Қазақстанның Палестина халқына көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы үшін алғыс айтты. Ол Қазақстанды Палестина үшін бауырлас мемлекет деп атап, екіжақты және көпжақты форматтағы (БҰҰ, ИЫҰ) ынтымақтастықты жоғары бағалады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Махмұд Аббасты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
